Ерлан Сыдықов: Дара тұлға

0

Биыл Отанымыз жетінші рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отыр. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаласы мереке қарсаңында жа­рия­лануының да рәміздік мәні бар. Бұл – көшбасшы мен ха­лық мүддесі ықпалдастығының көрінісі. 

Елбасы күні де қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайтыны мәлім. Президенттік билік пен тәуел­сіздіктің 27 жылдық тәжі­рибесі Қазақстан үшін осы бас­қару формасының тиімді еке­нін дәлелдеп, ішкі және сырт­қы саясаттың негізгі бағыт­тарын анықтауға мүмкіндік берді. Ел­басының сарабдал саяса­тының арқасында Қазақстан Рес­пуб­ликасы Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы эко­номикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қам­тамасыз етті.

Осыдан 21 жыл бұрын Пре­зи­дентіміз ел дамуының даң­ғыл жолын байыптайтын ұзақ- мерзімді «Қазақстан-2030» Стра­тегиясын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траек­­ториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек», деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді.

Елбасы қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақ­тылық пен бейбітшілікті темір­қазық етіп алды. Ширек ғасырда елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президент еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуа­ты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлел­мен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етіп, халықаралық сам­мит өткізуіміз, Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымы мен Шанхай ын­тымақтастық ұйымына төр­ағалық етуіміз, әлемдік дін қайрат­кер­лері съезін тұрақты ұйым­дас­­­­тыруымыз, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін ұйым­дас­тыруымыз – бәрі де зор мақ­таныш, айрықша абырой. 

Осы күнге дейінгі же­­тіс­тік­теріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Ке­ле­сі кезеңде, яғни 2050 жылға дейін­гі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйырса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Елбасы мұны сенім­мен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды. 

2012 жылы 1 қаңтарда қыз­метін бастаған Біртұтас эко­но­микалық кеңістік – Елба­сы­ның 1994 жылы 29 нау­рыз­да М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситеті ғалымдары мен ТМД саясаткерлеріне ұсынған еура­зиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуы. 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей, Қазақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық туралы шарт кеңістіктің құры­луын жақындата түсті. Бұл қо­ғам­­дастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор жә­не Жоғары технологиялар орта­лығы сияқты қаржылық интегра­ция тетіктерінің, ең бастысы – ЕурАзЭҚ Кеден одағының ірге­тасын қалады. Нәтижесінде кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды.

Елбасы – Қазақстанның ұлт­тық қауіпсіздігі мен аймақтық қа­уіп­сіздікті нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлем­дік тұлға. Мұның нақты көрі­нісі – Ұжымдық қауіпсіздік ту­­­ралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына Қазақстанның төрағалық етуі. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған Елбасын сая­си сарапшылар «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағалады. 

Қазақстанның Ислам ынты­мақтастығы ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы – осы жетістіктердің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде ішкі жалпы өнімнің деңгейі жағынан Қазақстан 12-орынға көтерілді. 

Елі қадірлеген, әлем ардақ­таған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайра­тын,­ парасат-пайымын мем­ле­­ке­тіміз­дің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жы­лы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бас­тама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағаны елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдіс­те­мелік жағынан қолдау үшін Еу­разия ұлттық университетінде рес­публикада тұңғыш рет арнайы кафедра ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралардың саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаң­дарына айналды.

Астана экономикалық фо­румы­ның Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты ша­ра екені белгілі. Осы жиын­­ға әлем­дік экономикалық қоғам­дас­тық өкіл­дері, қазіргі және бұрынғы мем­лекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғы­лым әлемінің ғұла­ма­лары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Пре­­зидентіміз осыдан 7 жыл бұөрын ел тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығы салтанатында Астана эко­номикалық форумының негі­зінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақстандағы осы шараның жуан ортасында­­ Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситеті ғалымдары мен бі­лім алушылары жүргенін мақта­нышпен айтамыз.        

Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақ­­­сат еткен Елбасы Қытай, Ре­сей, Тәжікстан, Өзбекстан пре­зиденттерімен бірлесіп, ұзақ- мерзімді бейбітшілік пен бір­ліктегі өңір құру туралы декла­рацияға қол қойды. Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына мүше мем­лекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да Президент Н.Ә.Назарбаевтың назарында.

Мемлекет басшысының «Жал­­пыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Елбасы еңбек ар­қылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осы­­­дан туындаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өл­шеусіз деп білеміз. 

Елбасы тарихты саралап, Қа­з­ақ елінің мемлекетшіл мұра­ты – «Мәңгілік Ел» деп ерекше айтқанда да, елдік береке-бірлікті, өңірлік достық және экономикалық қарым-қатынасты, дүниежүзілік өріс пен өрлеуді көздеп айтқанын ұмытпаған абзал. Бұл ретте айтқан: «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, ха­лық­тық істе жарасқанға бұйы­рады», деген сөзі бүгін де, бола­шақта да әлемді, елді ұйыс­ты­рады деп есептейміз.    

Ал Мемлекет басшысының таяудағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық ма­қа­ласы – ұлттық абырой бас­та­уын нұсқайтын, елді өне­ге өрісіне бастайтын жол, жаң­ғырған Қазақстанның баянды бағ­дары. Мақаладағы сүбелі ойлар әлем таныған елдің арғы тарихи әлеуетін аңғарту. Бұл – Қазақстанның өрісті өресі, мемлекетшіл межесі.

Елбасының бұл мақаласын стратегиялық маңызы бар жә­не ғылыми методологиялық ма­­­қа­ла деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған ма­­­­қала емес, бұл Елбасының жүйе­­лі, мақсатты қызметінің жал­ғасы. Өйткені бұдан бұ­рын Елбасы «Мәдени мұра» бағ­дарламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламасы ұсынылды. Міне осылай жүйеменен келе жатқан бағдарлама. Сондықтанда Елба­сының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек. 

Елбасының мақаласы неге «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталды? Өйткені «жеті» деген қасиетті сан, қазақ жеті са­нына айрықша мән берген. Со­ның ішінде «Жеті қат көк», «Же­ті ата», «Жеті қазына» дейді. «Же­­ті жұрттың тілін біл» дейді. Бар­лығын осы жеті санына алып ба­рады. Жеті жиынтық сан, ол же­тіден көп те болуы мүм­кін. Бұл орайда Елбасы әлемдік өрке­ниетке үлес қосқан жеті қазынаны айтып отыр. Сондықтан жеті бір жағынан қасиетті саналса, екінші жағынан әлемнің қазақтар мекендеп отырған далада табылған, сол жерде мекендеген ұлт пен халықтың ойлап тапқан, тек әлем мойындаған, ғылыми негізде мойындалған құндылықтар ғана сөз болып отыр. Мұның ар­ғы жағында тарихшылардың зерт­теуі арқылы табылатын әлі талай-талай құнды дүниелер бары айдан анық.

Тарихи сана мәселесіне келсек, адамзат өзінің ұрпағын әр­қа­шанда өзінен артық тәр­бие­леуге тырысады. Саналы ұр­­­пақ – мығым ұрпақ, жан-жақ­­ты дамыған, толыққанды ұрпақ. Ал саналы ұрпаққа тарихи сана енгізу – ел парызы. Соның арқасында Отанына жаны ашитын ұрпақ тәрбиеленеді. Тарихи санамен қалыптасқан, тарихпен тәрбиеленген ұрпақ еліне сенімді қызмет ететін, үміт артатын, елін қорғай алатын азамат болып қалыптасады. 

Жалпы мақаланың ерекшелігі, Елбасы Ұлы даланың жеті қы­рын тек айтып, тізіп қана қой­май, ойларды нақты ортаға салып, оны шешудің жолдарын да ұсынып отыр. Соның ішінде бізге қатты ұнап отырғаны «Ар­хив – 2025» бағдарламасы. Мұ­ра­ғат саласын кешенді дамыту мақсатындағы бұл бағдар­лама арқылы ендігі жерде Ұлы даланың ұлы тұлғалары ұлық­­талмақ. Кітаптар басылып, ес­керткіштер тұрғызылып, те­рең зерттеулерге үлкен қолдау жа­салады. Кино өнері мен телевизияда қазақ өркениетінің өткені мен келешегіне байла­нысты деректі әрі тарихи туын­дыларға басымдық беріледі. Мұ­­ның барлығы да ұлттық түп-тамырымызды жаңғыртуға ба­ғыт­т­алған. 

Тарихи жад, тарихи сана Ел­­­­­басы нұсқаған мұрағаттық және мұра тану ізденісімен қа­лып­тасады. Сондықтан бұл ең­бек тарихшыларға зор жауап­кершілік артып, үлкен міндет жүктейді. 

Сонымен қатар тарихты оқы­туды, тарихи сананы жаң­ғыртуды сіңіруде кино мен телевидениені пайдалану аса маңызды. Деректі фильм, тіпті жас ұрпаққа анни­мация қажет. Әсі­ресе шетел тіл­деріне аударып, әлемге таныта біл­сек олжа салу деген сол болады. Біз аспаннан түскен жоқпыз, біз бүгін ғана пайда болған ел емес­піз, біздің егемендігіміз, тәуел­сіздігіміз, жиырма жылда Ас­тана сияқты қала салуымыз – даму заңдылығының айғағы. Оның негізі ата-бабаларымыздың ең­бегінен бастау алады, олар әлем­дік өркениетке өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі кезде де Ұлы да­ла ұрпақтары аянып отырған жоқ. 

Қасиетті дала құндылықтары ұлтымызбен жасай беретіні ел­­дік деңгейде айтылғаны – қай­­­­­сыбір жадағай жаһандану амал­дарына нақты жауап. Ал енді бүгінде әлемдік на­рық­қа­­ сай қайта құрылып, жа­ңар­ған Қазақстанның жаңа өмір ке­­зеңдері, тіпті керек десеңіз, жаңа тарихы жасалып жатқаны баршаға белгілі. Біз оны еш­уақытта ұмытпауға, естен шы­ғармауға тиіспіз. 

Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды. Жал­пы тәуелсіздік дегенде ел сана­сын­да өркенді халқымыз бен Тұң­ғыш Президентіміз туралы­ таным-түсінік жаңғыруы тиіс.­ Нұрсұлтан Назарбаев – әрі өр­кениеттік, әрі жасампаз тұл­ға. Оның көшбасшылық болмысында ұлтымыздың асыл мұ­­­­рат­тары мен әлемдік және ұлт­тық өркениет жетістіктері то­ғысқан. Мұны Л.Н.Гумилев тео­­риясымен байыптасақ, сөзсіз пассионарлық құбылысына жатқызар едік.

Дана Абайдың ғақлияларында кемел немесе толық адам туралы­ ой айтатыны естеріңізде шы­ғар­. Бұл ұғымның Шығыс пен қа­зақта айқындалған нақты анық­­тамасы да бар. Қазақстан хал­қы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, әлемдік арнада Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы Тұңғыш Пре­­­зидентіміз – сол кемелдікке абы­­­роймен жеткен тұлға. Мұны дү­ние жүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанышпен қуа­намыз.

Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баянды болғай деп тілейміз.

Ерлан СЫДЫҚОВ, 

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің ректоры,

ҰҒА академигі