Ерлан Қарин биыл Қазақстанды қандай саяси реформалар күтіп тұрғанын айтты

0
98

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин биыл елімізді қандай саяси реформалар мен жаңашылдықтар күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«2023 жылдың саяси күн тәртібін өткен жылдағыдай Президент белгілеген саяси реформалар векторы айқындайды. Алдымен ел Конституциясын жаңарту жөніндегі республикалық референдум қорытындыларын іске асыру жалғасын табады. Жыл басынан жаңа институт – Конституциялық сот өз жұмысын бастайды. Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокуратураның конституциялық жаңа статусымен, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бойынша жаңадан Омбудсмен лауазымының құрылуымен бір мезгілде азаматтардың іргелі құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін қабыстырады», — деп жазды Ерлан Қарин Telegram-дағы жеке каналында.

Сондай-ақ мемлекеттік кеңесші 1 қаңтардан сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енетінін айтты.

«Бір мандатты сайлау округтері мен тиісті сайлау комиссияларын құру процесі басталды. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері енді өз өкілеттіктерін кәсіби әрі тұрақты негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау рәсімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл 2022 жылдың күзінде басталған жаңа сайлау циклі жалғасын табады. 14 қаңтарда Парламент Сенаты депутаттарын сайлау өтеді. Содан соң бірінші жартыжылдықта саяси жүйені ілгерілемелі қайта жүктеудің президенттік жоспарына сәйкес Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтуі тиіс. Алдағы сайлау науқаны мүлдем жаңа ережелер мен нормалар бойынша өтетінін атап өткен жөн», — дейді ол.

Оның айтуынша, биылдан бастап пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады.

«Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғаспақ. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Ең бастысы – Президенттің жаңғырту бағдарламасын үдемелі іске асыру жалғасуда. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі», — деп толықтырды Е. Қарин.