Ерлан Қарин Абаев туралы: «Ұлтын сүйген адам мемлекетінің болашағын ойлауы керек»

0

Кешеден бері әлеуметтік желіде әріптесім әрі жолдасым Дәурен Абаевтың мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Мен Дәурен Әскербекұлымен біраз жыл қызметтес болдым. Біз Президент Әкімшілігіне дейін де ақпарат саласында бірге жұмыс істедік. Оның мемлекетшіл әрі ұлттық мүддеге берік азамат екенін жақсы білемін. Сондықтан, айтылып жатқан мәселеге бей-жай қарамай, оған өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім.

Біріншіден, кешегі сұхбатты мұқият көріп шықсаңыз, Дәурен мырза мемлекеттік тілді мүлдем кемсітіп отырған жоқ, ұлттық мүддемізді де ешкімге жығып берген жоқ. Ол Қазақстандағы орыс тілінің ахуалын түсіндіріп, оған қысым жасалып жатыр деген пайымның орынсыз екенін анық әрі дәйекті түрде жеткізді.

Екіншіден, менің әріптесім қызмет бабына орай, солтүстіктегі көрші елде болып жатқан ақпараттық дүрбелеңге байланысты мемлекеттік биліктің ұстанымын білдірді. Бұл ұстаным бәріңізге белгілі – Қазақстанда тіліне, наным-сеніміне бола адамды кемсітуге жол берілмейді. Мұнымен де ешкім дауласа қоймайтын шығар.

Үшіншіден, Дәурен Абаев жалпы ұлтшылдықты қоғамдық құбылыс ретінде жоққа шығарып, сынаған жоқ. Оның меңзеп отырғаны – әсіре ұлтшылдықтың көріністері. Мұның туған елі мен жерін сүйетін патриот азаматтардың ұлтшылдығына еш қатысы жоқ. Ал, саяси және қоғамдық идеологияда қандай да әсіре көзқарас пен іс-әрекеттен әрине сақ болған жөн.

Менің ойымша біздегі ұлтшылдық мемлекетшілдікпен астасып жатуы қажет. Қоғамдық іс-әрекетіміздің өлшемі мемлекетшілдік болуға тиіс. Ұлтын сүйген адам, ең алдымен, мемлекетінің болашағын ойлауы және соған қызмет етуі керек.

Біз қоғамдық дискуссияда жалаң ұраннан терең әрі байыпты диалогқа көшуіміз керек. Сондықтан, баршаңызды соңғы пікірталасқа сабырмен қарап, әріптесім Дәурен Абаевтың мәлімдемесінің мәніне терең үңілуге, оны дұрыс түсінуге шақырамын.

Ерлан Қарин