«Еркек мінезді де және нәзік ару да емеспін»: Ирина Советжанқызы телевизиядағы «хайп» қашан тоқтайтынын айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Елімізге танымал журналист Ирина Советжанқызы «31 арнаның» белді қызметкерлерінің бірі дейді. 

Ирина
–    «Сөздің шыны керек» бағдарламасына 7 жыл. Осы уақыт ішінде Ирина Советжанқызы нені жасап үлгерді, неден бармағын тістеп қалды?

–    Жеті жыл біршама уақыт. Сондықтан қоғамда болып жатқан өткір, өзекті, ауқымды мәселені көтере алдым. Бірақ «Мен пәленбайдың проблемасын шешіп тастадым» деп айтпай-ақ қояйын. Өйткені басқа да әріптестерім тура мен жасаған жұмысты істеп жатыр.

Журналист мәселені шешуші тұлға емес, оның негізгі қызметі ақпарат тарату. Біз қандай да мәселе көтереміз, бірақ тас түйінін шешіп тастай алмаймыз. Кейбіреулер осыны шатастырып жатады. «Неге аяғына дейін бармайсыңдар?» деп өкпелеп жатады. Мысалы, мен «Сөздің шыны керек» бағдарламасын жалғыз жасаймын. Егер бір тақырыпты екі апта бойы езіп жүрсем, онда басқа тақырыптар қашан жасалады? Кейде біздің шамамыз жетпейтін мәселелер де болады. Сондай сәттерде бармағыңды тістеп қаласың. Кейде түсіріп келген дүниелеріңді толықтай бере алмайсың. Өзіңе берілген уақытқа сыйдыруың қажет. Осындай кездерде ішің ашып қалады. 

–    Журналистиканың сүйегін шағып, майын ішіп жүрген сіздер ғой. Қазір жеңіл-желпі тақырыптар көбейіп кетті. Көрермен ойын құртып жатыр деп журналистерден көретіндер көп. Расымен де жеңіл тақырып қозғап, халықтың миын улап жатырмыз ба?
–    Журналистиканың сүйегін шағып жүрген шығармыз, бірақ майын ішіп жүрген жоқпыз. Жеңіл-желпі тақырыптардың айналасындағылар майын ішіп жүргендер. Біз бағдарламаларды рейтингпен бағалауды тоқтатпайынша жеңіл-желпі тақырыптар тоқтамайды. Қаншама мықты журналистер бар. Бірақ бағдарламалар күнделікті тер төгіп жұмыс істеп жүрген емес, бастықтың көңілін тапқан пысықайлардың қолына кетіп қалған. Продакшндарға қомақты қаражат бөлінеді. Компаниялар өзіне пайдасы тиюді көп ойлайтындықтан бағдарламаға арзан жұмыс күштерін алады. Өйткені мықты редакторлар арзан бағаға бармауы да мүмкін. Ал арзан жұмыс күші кімдер? Ол кеше ғана оқу бітірген әлі тәжірибесі жоқ, «барып кел, алып кел» деген жас толқынды жұмысқа алады. Продакшн компанияларға өздерінің айтқанын екі етпейтін жұмысшылар керек. Оларға мінезі жоқ адамдармен жұмыс істеген ыңғайлы. Олар рейтинг қуу керек. Содан бір-бірінің бетін жұлған ене мен келін, атыс-шабыс, дүние-мүлікке таласқан бауырлар немесе айтуға ауыз бармайтын түрлі тақырыптарды қозғайды. Рейтинг үшін жұмыс жасайтын продакшн компанияларға қаржы бөлуді тоқтапайынша, бұл тақырыптар бола береді. 

–    Сізді бағдарламадан көрген жұрт өте қатал, сұсты, еркек мінезді деп жатады. Ал өмірдегі достарыңыз өте нәзік жан дейді. Сіз өзіңізді қайсысына жатқызар едіңіз?

–    Еркек мінезді де және нәзік ару да емеспін. Cалмақты бағдарламаны нәзік дауыспен жүргізіп отырсам, ол көрерменге қабылданбайтын шығар. Еркек мінезді деп айтуға бола ма білмеймін. Бірақ бір кісідей-ақ мінезім бар. Бұл мінездің кейде көмектесетін де және кедергі келтіретін тұстары да көп. Мінез болмаса онда кім көрінгеннің айтқанына көніп, айдауымен жүретін адамға айналасың. Сондықтан мінез болған дұрыс деп ойлаймын. Достарымның айтқанындай өте нәзік жанмын дей алмаймын өзімді. Ал өз-өзіме баға беретін болсам, тым жұмсақ немесе тым қатал емеспін.

stan.kz