Ерке Есмахан: Бұрын маңызды болған дүниелердің құны қазір көк тиын, мен қазір есейіп кеттім

0

Ерке Есмахан марқұм әкесін еске алып, жантебірентерлік жазба жариялады. Әкесінің жақсы қасиеттерін айтып, сағынышын жеткізді.

«Әлі де сене алмаймын. Әкем қасымда мәңгі жүретіндей болатын! Міне, енді Әкемнің кеткеніне бүгін тура 1 ай болды!
Қазір әкемді түсімде көргенде қуанып қаламын, оянсам таба алмаймын. Алланың ісіне көнемін, сабыр, басқа амалым жоқ.

Әкем мені мұрнымнан сүйіп, «Еркетайдан Айналайын» деп еркелететін. Кішкентайымда күнде ұйықтар алдында ертегі айтатын. Мен ауылда бастауыш мектепті бітіргенше папам мен мамамның ортасына жатып келдім. Сағындым әкемді!

Кішкентайымнан естіген астан соң қайтаратын батасын сағындым!
Ол батаны үй-ішімізбен жаттап алғанбыз. Батасын бермей, ешқайсымызды дастарханнан тұрғызбайтын. Дастархан басында қалжың қосып басынан өткен оқиғаларын айтып отыратын. Мамама: «мен әке-шешесіз өстім, сен болмасаң, мен осындай үлкен әулет болар ма едім?!» — деп рахметін айтып отыратын. Мен «тууу папа» деп бірдемесіне келіспей қалсам: «менде сенің акеңдей білгіш әке болған жоқ қой» деп қалжыңдап күлетін! Ақылды менің әкешім!Әкешімді мақтап та, мақтанып та айтатын әңгімем өте көп!
Әкемнің ақ шаштарын сағындым!», — деп жазды әнші.

Әнші естелігін көзіне жас ала отыра жазып жатқанын айтады. Еркенің асқар тау әкесінен айырылғанына тура 1 ай болды. Әнші анасына ұзақ ғұмыр тілеп, дұға етті. Әкесіне жәннатты нәсіп ет деп ниет етті.

«Жаным, әкетайым-ау, осы естелікті жылап әрең жазып отырмын!
Құдайға шүкір, әкем анаммен 53 жыл отасты, үбірлі-шүбірлі болды, қартайғанша қызмет жасады, қазақ тілінің нағыз жанашыры! Шүкір, бақытты ғұмыр кешті!

Шежіре жазып, ата-бабасымен мақтанып отыратын! Тілегі бала шағасының, жан жарының алдында кету еді, міне 82 жасында өзі жоспарлағандай кетті де қалды. Жоспарсыз жүрмейтін.

Қызының тілегі қабыл болады деген сөз бар екен, Алладан сұрарым — әкемді жәннәттің төріне шығарып, мәңгілік өмірде жұмақтық етіңіз! Әумин!», — деді Ерке.

Әнші тауы шағылғалы есейіп кеткенін жеткізді. Бар жақыны мен бауырларына, анасына зор денсаулық, барша қазаққа амандық тіледі.

«Өмір сынаптай ағып өтеді екен. Осы кезге дейін ертегі әлемінде жүріппін, бала болыппын! Енді шынымен есейдім! Бірақ, анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды! Алладан сұрарым — анама маматайыма күш-қуат пен ұзақ өмір. Жүз жасаңыз, анашым! Әкем әркез айтатындай, сіз Алла бұйыртып, әлі Муслимнің баласының бесігін тербетесіз! Әумин! Бауырларым аман болсын! Жалынамын!
Індетпен күресіп жатқан барлық отандастарыма денсаулық тілеймін!

Көзқарасым өзгерді. Құндылықтарым өзгерді. Бұрын маңызды болған дүниелердің құны қазір көк тиын. Анам, ұлым, бауырларым үшін ес жиып, еңсемді тік ұстаймын. Әкемнің атын абыроймен алып жүремін! Бейбіт күн орнасын! Көңіл білдірген баршаңызға рахмет айтамын! Мені әкемдей еркелететін қазақ халқына Алла жар болсын! Мен сіздерді жақсы көремін! Әбдірашқызы Ерке!», — деп жазды.

stan.kz