Ерке Есмахан алғаш рет Төреғалимен болған жанжал туралы ашық айтты

0

“Алло” әні жарыққа шыққан соң Төреғали мен Еркенің жұлдызы жанды. Қазақстан шоу-бизнесіне жаңа леп әкелген қос әншіге деген халықтың сұранысы артты. Тіпті, бейнебаяндағы хикаяның жалғасы ретінде фильм түсіру жоспарға қойылды. Алайда Төреғалидың әкесі Төреәлі Төлеповтің бір ауыз сөзі бұл қуаныштың күл-талқанын шығарды, деп жазады Stan.kz.

Есте болса, сол кезде Төреәлі Төлепов: “Ерке Есмаханның сахнада жүргеніне 7-8 жыл болды. Оны елдің бірі таныса, екіншісі танымайды. Ол Төреғалидың арқасында танылды”, – деген болатын.

Бұл сөз Еркенің сол шақтағы продюсері Баян Мақсатқызын ашуландырды. Ол әріптесімен жұмысты тоқтатқанымен, Ерке аталған жайтқа қатысты ләм-мим демеді. “Гәкку FM” радиосына берген сұхбатында Ерке Есмахан алғаш рет Төреғалимен болған жанжал туралы айтты.

“Ол кезде құлазу сәті болды. Енді бірдеңеге қолым жетті-ау деген шақта, өзіме: “Ерке міне, сен дұрыс жолдасың. Өнер жолында бекер жүрген жоқсың”, – деп енді ғана сенімді бола бастаған кезде осындай бір келеңсіз әңгімелер болды. Әрине, жүрегіме батты. Тек қана менің емес, ата-анам, бауырларым, жақын адамдарымның жүрегіне батты. Төреәлі мырза ол кісілер туралы ойламаған шығар мүмкін. Бірақ өте қиын болды. Мен ата-анамның ақылын тыңдап, “ол үлкен кісі ғой, сен қыз баласың, кішісің, сондықтан қатты кикілжіңге барма” деді. Бірақ мен депрессияға түсіп кеттім.

Өзім сыйлап, жақсы көретін сол кездегі продюсерім Баян Мақсатқызы мені қорғады, ол кісіге алғысым шексіз”, – деді әнші ағынан жарылып.

Төреәлі Төлеповке жауап қатпағанымен, Еркенің көңіліне кірбің түсті. Ол Төреғалидан бөлек ел көңілінен шығудың жолын іздеді. Сөйтіп жүргенде “Қайда?” әні жарыққа шықты.

“Ол кісінің айтқан сөздері өзі үшін солай көрінетін шығар. Бірақ халық арасында жақтағандар да, даттағандар да болды. Бәрін уақыт көрсетеді дедім. Қазақстан шоу-бизнесінде тек қана “Алло” әні рекорд орнатты деп ойлаған шығар. Осыдан кейін Ерке не істер екен деп ойлады ма? Маған сенбеген, қатты сөздер айтқан адамдар да болды.

Міне, көп уақыт өтпей, басқа әнші емес, сол даттаған Ерке Есмахан қайта шықты. Менің талантым бар, расында өнерге деген сүйіспеншілігім бар. Сөзбен емес, іспен дәлелдеп, уақыт өзі солай алып келді”, – деп атап өтті Есмахан.

Ештеңеге қарамастан, Ерке бәрін ұмытып, сахнаға Төреғалимен қайта шыққанын айтады. Алайда бұл күндері “Алло” әні Еркенің репертуарында жоқ болып шықты. Себебі:

“Әннің авторы “Аллоны” басқа жігіт пен қызға сатқанын айтты. Енді сендер айта алмайсыңдар деді. Сондықтан да мен ол әнді айта алмаймын. Бірақ Төреғали басқа қыздармен орындап жүр, ол жағын әлі ашып сөйлеспедім”, – деп түсіндірді Ерке.