Ерімбетовтің апелляциялық шағымы қарала бастады

0

«Алаяқтық» бабымен сотталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен тағы бірнеше адамның апелляциялық шағымы бойынша Алматыда желтоқсанның 21-і күні сот отырысы өтті. Істі Алматы қалалық сотының судьясы Асхат Әшірбеков қарап жатыр.

Отырысқа сотталғандар келмеді. Ескендір Ерімбетов, Василина Соколенко мен Дмитрий Пестовтың қорғаушылары бұған қарсылық білдірді. Журналистер сот залына кірмеді және судья видеоға, фотоға, аудиожазбаға тыйым салды. Ерімбетовтің қолдаушылары мен БАҚ өкілдері отырысты басқа бөлмеден бақылады.

Сотта Ерімбетовті адвокаттар Игорь Лифшиц, Жанар Балғабаева қорғап жатыр. Ата-анасы мен әйелі қоғамдық қорғаушы ретінде келген. Ал Соколенко мен Пестовтың адвокат Владимир Кизуб. Тағы бір сотталушы Михаил Зоровты адвокат Ольга Ким қорғайды.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов былтыр қараша айында қамауға алынған және оған тағылған «алаяқтық» айыбы бойынша іс 14 маусымда басталған. Төрт айға созылған іс қазан айында аяқталып, кәсіпкер 7 жылға сотталған. Оған қарсы тағы бір іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Екінші істе қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов пен Ерімбетовтің қарындасы, Әблязовтің заңгері болған Бота Жәрдемәлінің аттары аталған.

Кейбір құқық қорғау ұйымдары Ескендір Ерімбетовке байланысты істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстан билігі бұл мәлімдемені теріске шығарады.

Дереккөз: Азаттық