Ерікті көш еселенуін қалайды

0

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар орталық мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Мысалы, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі К.Мұсырман жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс қолы тапшы өңірлерге ерікті түрде көшіру мәселелерін көтерді.

«Үкімет осы маңызды іске жете мән беріп, қоныс аударушыларға бөлінген квота санын жылдан жылға көбейтіп, оны биыл 1706 отбасыға жеткізген. Алай­да сол квотаның орындалу барысы қа­на­ғаттанарлықтай емес. Қоныс аудару­шы­ларды қабылдайтын 4 облыстың әкім­діктері берген мәліметтерге сүйенсек, өткен 9 айда небәрі 870 отбасы қоныс аударған немесе бекітілген квотаның орындалуы 51 пайыздай ғана. Атап айт­қанда, Қостанай облысы жоспарланған 272 отбасының 169-ын (62,1 пайыз), Павлодар облысы 380 отбасының 213-ін (56 пайыз), СҚО 690 отбасының 348-ін (50,4 пайыз) және ШҚО 364 отбасының 140-ын (38,5 пайыз) ғана қабылдаған» деді депутат.
Ол қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз етуде елеулі қиындықтар барлығын алға тартып, алда СҚО-да іске асырылатын пилоттық жобамен шек­тел­мей, қоныс аударушыларды қабылдайтын басқа өңірлерде де республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй салу немесе сатып әперу мәсе­лесін қарастыруды ұсынды.
Нұротандық депутат Е.Бектұрғанов та Премьер-министр Б.Сағынтаевқа жүгі­ніп, иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету үшін қожайындарының ­жа­уап­кершілігін күшейту мәселесін қаузады.
«Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ресми ақпарат бойынша өткен үш жылда еліміздің аумақтарында иттердің шабуылынан 177 мыңнан астам адам зардап шексе, тек 2018 жылдың 6 айында 29 878 адам жарақат алып, медициналық жедел көмекке жүгінуге мәжбүр болған немесе, күн сайын елімізде 160-тан астам адам иттердің шабуылынан зардап шегеді», – дей келе, ол Премьерге республика деңгейінде иттер мен мысық­тарды асырап, сақтауға және оларға бай­ланысты жалпыға ортақ, бір типті қағи­даларды бекітуді қарастыруды ұсынды.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі Б.Тілеухан оралмандардың Қазақстан азаматтығын алуына қатысты мәселелерін тілге тиек етті.
«Шет елдерден ертеректе көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алу үшін, ең алдымен, оралман куәлігін алып, ары қарай тұрақты тіркелетін үй таба алмай, үй табылса, бір кездегі ықтиярхат және азаматтық алуға керекті қисынсыз құ­жаттармен қоса зорға алатын анық­та­маларды жинап болғанша, тек бір жылға берілетін, куәліктерінің уақыты өтіп кет­кендіктен, олар азаматтыққа қабыл­данбай отыр. Осындай қандастарымыздың саны 7 мыңға жуық», – деген депутат оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткен қандастарға бір реттік және  6 айлық мерзімге амнистия жариялауды сұрады.