Ері қол көтеретін әйелдер не істеуі керек: Маман кеңесін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Карантин уақытында дамыған елдерде ерлі-зайыптылардың ажырасуы күрт өсіпті. Мамандар бұл жағдай біздің елде де белең алатынына болжам жасайды. Қоғамда күн санап ұрыс-керіс, жанжал өсіп келеді. Оған не себеп? Еркектердің әйеліне қол көтеруіне не себеп? Қандай еркек қол жұмсауға дайын тұрады? Осы тақырыпта Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі белгілі психолог маманы Балабек Сақтағанов мырзамен сұхбаттасып, кеңестерін тыңдады.  

–    Карантин уақытында дамыған елдерде ерлі-зайыптылардың ажырасуы 30 пайызға өсті деп жатыр. Бұл неліктен? 

–    Қытайда вирус пайда болғаннан кейін, үкімет карантин жариялады. Карантин аяқталған соң отбасылардың ажырасуы күрт көбейген, соның салдарынан жергілікті билік күніне 10 семьяның ажырасуға арызын қабылдаймыз деген шешім шығарды. Бұл құбылыс басқа мемлекеттерде де белең алуда. Себебі, бұрын ерлі-зайыптылар кешке дейін жұмыста болып, үйде кешке ғана кездесетін. Ал қазір 24 сағат бірге болу, олардың шын психологиялық бейнесін көруге мүмкіндік беруде. 

–    Қазақстанда да карантиннің әсерінен үйдегі жанжалдар саны өсіп кеткен жоқ па? Сізге көмек сұрап хат жазатындар көбейіп кетпеді ме?
–    Бұл жағдай карантин аяқталған соң біздің елде де белең алуы мүмкін. Қалыпты жағдайдың өзінде елімізде 3 жылдың статистикасы бойынша отау құрған 100 отбасының 40-ы ажырасады. Осындай келеңсіз жағдай елімізде белең алмауы үшін қазірден бастап, отбасындағы адамдардың қарым-қатынасы, ер мен әйелдің психологиясы, отбасылық манипуляция және т.б. көптеген мәселелер туралы ақпараттарды психологтардан онлайн түрде алуға кеңес беремін. Карантин басталғалы бері менің ұялы телефоныма, әлеуметтік желідегі парақшаларыма хабарласып кеңес сұрайтын адамдардың саны күрт өсіп кетті.

–    Жалпы елімізде ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық-зомбылық жағдайы қалай?
–    Елімізде ерлі-зайыптылар арасындағы зорлық-зомбылық жағдайы төтенше жағдай жарияланғалы бері көбейіп кетті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан әйел азаматшалар үйден шығуға болмайтындықтан еш жерге шағымдана алмай отыр.

–    Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек? Екі жақ — әйел де, еркек те қандай қағидаларды ұстануы қажет? Қандай кеңес берер едіңіз?
–    Отбасы деген — әртүрлі көзқарастардың бір арнада тоғысып, ортақ шешім шығаратын алаң екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Ерлер шешімді санамен, ал әйелдер эмоциямен қабылдайды. 
Әйелдерге кеңес: 
—    Үйде қамалып зорға отырған азаматтарға ретсіз тиісіп, анау жоқ, мынау жоқ деп мазасын алмаңыз;
—    Көршінің күйеуі пысық деп салыстырмаңыз, бұндай мысалдар азаматтардың жүйкесін жұқартады. Алғашқы мүмкіндік туса қашуға дайын тұрады. 
—    Құрбы және туысқандармен телефонмен ұзақ сөйлеспеңіз. 
—    Таңғы асты ерекше жасаңыз, жалпы тамақты дәмді жасап, көңілді жүруге тырысыңыз, ас соңынан рақмет айтпады деп ренжімеңіз, өйткені еркектер, тамақ жасауды сіздің міндетіңіз деп түсінеді.
Ерлерге кеңес:
—    Карантиннің уақытша құбылыс екенін түсініңіз.
—    Отбасында сабырлы болуға тырысыңыз.
—    Әйеліңіздің кемшілігін бетіне баса бермеңіз, өйткені өмірде кемшіліксіз адам болмайды.
—    Уақытыңызды тиімді пайдалануға тырысыңыз.
—    Болашаққа шынайы жоспар құрыңыз.

—    Ер адамның әйелге қол көтеруі оның психикасымен байланысты ма, әлде бала кезден бойына сіңген тәрбие ме? 
—    Ер адамның әйелге қол жұмсауы, бұл ер адамның психикасында бала кездегі психикалық жарақат алуынан, бәлкім, бала кезде қатарластарынан көп әлімжеттік көрген, мазаққа ұшыраған, өзін толыққанды көрсете алмаған адамдар. Олар есейген соң өзінен күші аз әйелдерді ұрып соғу арқылы белгілі бір дәрежеде рахаттану сезіміне бөленеді. Олар неге ұрып соғатынын түсіндіре алмайды. Психологиялық кеңес алуға келгенде ғана бұның себебін анықтап, көз жеткізіп дүниетанымын дұрыс жаққа бағыттай алады.

—    Біздің қоғамда ер адамның дауыс көтеріп, қол жұмсауына әйел де себепші дейтіндер бар. Яғни, ол тілінен немесе жасаған тірлігінен таяқ жейді екен. Бұл пікірге психолог маманы ретінде не айтар едіңіз?
—    Өйткені адам ешқашан өзінен кінә іздемейді. Сол әйелдің сондай қылық жасауының бір себебі өзі екенін түсінбейді. Ер адам атына заты сай болып, түсінігі жан-жақты болса, барлық жағдайды ақылмен түсіне алса бұндай жағдай қайталанбайды.

—    Күйеуінің соқпағынан қалай құтыламын деп жүрген әйелдерге қандай кеңес айтуға болады?
—    Бұл мәселені шешу үшін әйелдерде мүмкіндіктер өте көп. Өзінің ішкі дүниесіне үңіле білу керек. Күйеуінің де мінез-құлқын зерттеуі шарт. Психологтан кеңес алсын, өзінің шешілмей жүрген мәселелері бойынша кітаптар оқысын. Отбасындағы ұрыс-керістің шығу себептерін анықтауға тырысу керек.

—    Көбісінде «Бір рет қол көтерген ер адам кейін қайталауы мүмкін» деген пікір бар. Бұл рас па? Еркекті өзгерту механизмі бар ма?
—    Ер адамдар, әйелдерін бас салып ұра кетпейді, бастапқы кезде, сөзбен мазақ қылады, кейін жолдастарының ортасында келемеждеп көреді, әйелінің тарапынан бір уақытында жауап реакция болмаса, ретін тауып қол көтереді. Алғаш ұрған сәтте, ол әйел күйеуінің әке-шешесіне ескертіп шара қолдануын өтіну керек. Еркекке психологиялық тұрғыдан қысым жасау керек. Егер ешқандай қарсы реакция болмаса, ол еркек кейін қол көтеруді әдетке айналдырады. Сіз кешігіп қаласыз. Кейін бұл өткізіп алған кезді қайтадан түзету өте қиын болады.

 

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН

stan.kz