Ерекше «Жұлдызай» | «Айқын» газеті
Атырауда ерекше балаларды оңалтуға арналған жаңа медициналық орталық ашылып, қызмет көрсете бастады.
Церебрал сал ауруымен ауыратын балаларды оңалтуға арналған «Жұлдызай» жаңа медициналық орталығының мамандары күн сайын 36 баланы емдей алады. Орталық мамандары ерекше балалар үшін терапиялық массаж, невропотологтардың қадағалауымен физиотерапия, жаттығу терапиясын қоса алғанда, қызметтердің толық кешенін ұсынады. Сонымен қатар логопед-дефектолог, психолог, физиотерапевт, эрготерапевт және невропатолог-реабилитолог кабинеттері бар.
Балалардың ата-аналары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуымен Атырау облысының әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов орталықтың тұсаукесер рәсімін жасады.
– Орталықтың ашылуын ерекше бала тәрбиеленетін көптеген отбасылар асыға күтті. Мемлекет басшысы арнайы қолдау қажет адамдарға үлкен көңіл бөледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген адамдардың саны бірнеше есеге артып келеді және олар әлеуметтік жобаларға қолдау көрсете бастады. Айта кету керек, біздің қалаға жаңа медициналық орталықты сыйға тартқан BI Group компаниясының қайырымдылық қызметі – бизнес пен мемлекеттік сектор арасындағы үш жақты жемісті ынтымақтастықтың жарқын мысалы. Орталық балалар мен олардың ата-аналарына ертеңгі күніне сенім сыйлады, – дейді Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов.
Бұл орталықта ерекше балалар үшін тірек-қимыл аппаратының бұзылуын түзетуге мүмкіндік беретін заманауи тренажерлар мен техникалық құралдардан басқа, баланың дамуына көп көңіл бөлінеді деп күтіліп отыр. Балалардың әрқайсысы үшін түзету және оңалтуды дамыту үшін жеке бағытта жұмыстар жүргізіледі. Сайып келгенде, орталықтың ашылуы ата-аналар үшін көп қолдау болып отыр. Себебі, осы жерде балалар ерекше бақылауға алынып, дене қозғалысына түсіп, ағзаларының жұмыс істеуіне дағдыланып қана қоймай, өмірде жетістіктерге жетуге талпыныс жасай алады.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы