Ерекше тұлғаларды таспаладық | «Айқын» газеті

0

Жақында «Астана» телеарнасы мен «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі бірігіп, «Ғажайып Қазақстан» деректі фильмдер топтамасын түсірді.  25 сериядан тұратын бірегей жобаның алғашқы бөлімдері эфирге шығып, көрермен бағасын алып та үлгерді. Еліміздің ғажайып жерлері мен адамдары туралы кеңірек білмек үшін «Астана» арнасының продюсері әрі жоба жетекшісі Айзада Жаманқұловамен сұхбаттастық. 

– Айзада ханым, алдымен жобаның негізгі идеясы туралы айтып берсеңіз?
– Осы жыл еліміз үшін маңызды, ұлттық идеологиямыз үшін құнды жобалардың жүзеге асырылуымен есте қалады десек болады. Елбасымыздың былтыр жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында биыл көптеген іс атқарылды. Арамыздан өзіміз тани алмаған талай мықтылар шығып, «100 жаңа есім» жобасы сәтті қорытындыланды. Қазіргі уақытта күллі халық атсалысып жатқан жобаның екінші кезеңі жүріп жатыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бойынша да біршама орындардың қайта жаңғыртылып, табиғат ескерткіштеріне ерекше көңіл бөліне бастады. Міне, «Ғажайып Қазақстан» – осы жоғарыда аталған екі бастаманы біріктірген бірегей жоба. Қазіргі Қазақстанның құпиясы ашылмаған табиғатын, тылсым күшке және шешілмеген жұмбаққа толы ғажайып орындарын, сондай-ақ жаратылысы ерекше адамдарын таспаладық. Еліміздің өңірлерін аралау барысында Елбасы мақаласында жазғандай, расында жақсы адамдардың жанымызда жүргеніне көз жеткіздік. Халық арасындағы қиындыққа мойымаған нағыз еңбек адамдары, тағдырдың ауыр сынына төзіп, жігері жасымаған ерекше адам көп. Біз «Ғажайып Қазақстан» телеочеркі арқылы бүгіннің батырларының тек бір парасын көрсеттік.

– Бүгінгі батырлар деп қалдыңыз. Кейіпкерлеріңіздің ішінде түсірілім тобын ерекше қызықтырып, бөлек әсер еткені кім?
– Әрине, жобаның «пре-продакшн» кезеңінде кейіпкерлер мен нысандар тізімі біраз іріктеуден өтті. Жоспарланған кей адамдар сызылып, орнына өзге мықтылар қосылып жатты. Кейіпкерлеріміздің көбі шалғай аймақтар болғандықтан, алдын ала келісімдер телефон, хат арқылы жүргізіледі. Мақсатты орынға жеткенше «қаһарманым қандай екен, жақсы сөйлей ме, күткеніміздей нәтиже бола ма?» деген сұрақтар тұрады. Алыс жолдық сапардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына жасалды. Өскеменге жетіп, одан әрі 400 шақырым жердегі Ақжар елдімекеніне бардық. Содан Жаңаталап ауылына дейінгі нашар жол да біраз уақыт пен жүйкені алды. Тоқтамай сәл ары барсаңыз, Қытайдан бір-ақ шығасыз. Іздегеніміз – тау етегіндегі қыстауда қой айдаған зағип қойшы Серік Боданбаев. Көзі көрмейтін адамның бейтаныс жандарды жадырай қарсы алып, ашыла сөйлей қоятынына күмәнданғанымыз жасырын емес. Бірақ Серік мырза кіргеннен мақсатымызды айтпай жатып толық түсініп қойған адамдай көсіле жөнелді. Өмір тарихын өзі айтқанда тыңдап, отырдық та қалдық. Одан бөлек ел тарихын, халық шежіресін терең білетін, кең ойлайтын керемет әңгімеші болып шықты. Көзі көрмесе де, көкірегі ашық азаматты тұп-тура төрт күн таспаладық. Ауа райының кедергісіне, шаруаның тығыздығына қарамастан өз болмысын камера алдында қысылмай көрсете білді. Жаңбырдың жауғаны, камера обьективінің буланғаны, желдің тұрғаны, дронның ұшпай қалғаны да жақсы туынды жасауға кедергі бола алмады. Бір кейіпкердің өзіне аптаға жуық кеткен уақытымыз ақталды деп үміттенеміз.


– Сонда Серік Боданбаев өмірі ешкімге ұқсамайтын, қызық сценарийге толы тұлға болып тұр ғой?
– Иә, 53 жастағы жеке кәсіпкердің туғаннан бері көзі нашар көріп, біраз жыл Өскемендегі зағиптар қоғамында жұмыс істеген. 45-ке келгенде көзі мүлдем көрмей қалған ол жұмыссыз отырудың орнына несиеге 8 ешкі алып, ауылға кетіп қалыпты. Тәуекелдің қайығына мініп алып, тау етегінде қойды құлағына қоңырау байлап таққан. Соның дыбысымен, ауа қысымы, жел бағытымен адаспай жүріп, мал санын мыңнан асырған. Қиындыққа қарамай алға жүріп, тек балаларын өсіп-жетілдіруді ойлаған оның сұхбат барысындағы «адам 100 жыл жасаса да, өзіне берілген үлкен мүмкіндікті білмей өмірден өтіп кетуі де мүмкін. Әйтпесе, мүмкіндік деген шексіз. Мақсат қойып, жоспар құрған адамның өмірі қызық болады» деген оптимизмге толы сөзі есімде қалып қойды. Құдай ұл бермеген соң жары екеуі қос қызын сол мал соңында жетектеп жүріп өсіріпті. Ат үстінде жүріп, қыстыгүні қойын қорғау үшін қасқырмен де алысқан қыздардың өзі бір фильмге арқау болады.


– Ғажап! Кейіпкеріңіздің ғұмыры тағдырына орынсыз шағым айта беретін көп жұртқа үлгі болатын сыңайлы. Жоба ауқымы кең екенін әңгімеңізден байқап отырмыз. Нақтырақ айтсақ, еліміздің қанша өңірін аралап үлгердіңіздер?
– 25 сериалы телеочерктер топтамасы барлық облысты толық қамтыды десек болады. Қостанай облысынан, Арқалықтан басталған маршрут Шығыс Қазақстанда жалғасып, алыстағы Аралдан аяқталды. Күршімдегі алыстан менмұндалайтын, құдды бір Марстай қып-қызыл «Қиын-Керіш» шатқалында болдық. Табиғат бар сұлулықты бере салған Қатонқарағай да кадрдан тыс қалмады. ХХ ғасырдың басында австриялық тұтқындар салған «Австрия ирегі» тау үсті тас жолының тарихымен таныстық. Техника жоқ кезеңде 70 ша­қырым­ды қолмен түзеп, қайламен қашаудың тауқыметін өзіңіз ойлай беріңіз. Солтүстік Қазақстанның Тайынша ауданындағы ел тілегімен тақыр жерден балығымен қоса пайда болған көл, ескі шіркеудегі әлемде жоқ алтын «алтарь», бір ауылды қалаға бергісіз етіп көркейтіп, бар тұрғынын асырап отырған кәсіпкер де – «Ғажайып Қазақстанның» ғажайыптары. Оған Баянауылдың сөйлеп тұрған тастарын қосыңыз.


– Оңтүстігіміз де қайталанбас нысандар мен тағдырлы адамдарға толы емес пе?
– Жамбыл мен Шымкенттен тапқан екі кейіпкеріміз туралы айтайын. Өмір жолдары бір-біріне ұқсайды. Біріншісі – Жуалыдағы Бәйтерек ауылы мен Тараздың арасындағы автобус маршрутын 40 жыл бойына үзбеген жүргізуші. Қазір барлық ауылдағы халық қалаға өз көлігімен немесе таксимен қатынаса да, Әлиакбар Тоқтаев бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге бел буған. Тұрғындардың айтуына қарағанда, жолақысын еш қымбаттапты. Нарық өзгерсе де, оның бағасы өспеген, нарқы өскен. Әлдеқандай жағдайлар болып қалмаса, жылына тек бір күн, 1 қаңтарда ғана демалады екен. Ауылына осылай сыйлы болған екінші
адам – Ордабасы ауданының Төрткүл ауылындағы Гүлшат Өмірбекова есімді тракторшы. Иә, тракторшы әйел. 17 жасында темірді тізгіндеген батыл келіншек ер адамның жұмысын көпшіліктен артық істейді. Жаз біте мақта жинайды, күзде жер жыртады. Тракторына тірі жандай қарайтын, техниканы сұмдық жақсы көретін Гүлшат механизатор болмағанда сынақшы-ұшқыш болар едім дегенде тіптен таңқалғанбыз.
– «Ғажайып Қазақстан» жобасы көрермен көңілінен шығады деген ойдамыз. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айша ЕРСҰЛТАН