Ердос Қанаев: 50 жасымда шашым ағарып, бетім әжім болып сахнада жүргім келмейді

0

“Жігіттер” тобының мүшесі, әнші Ердос Қанаев қартайған шағында сахнада жүргісі жоқ. Балаларым өнер жолында емес, ғылым-білім жолында ілім алса дейді. Әнші бұдан бөлек отбасы, бала тәрбиесі мен жоспарлары жайында айтты.

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.

Ердос Қанаев отбасында үш ағайынды. Өзі ұлдың ортаншысы. Анасы ағылшын тілінен сабақ берген. Әкесі совхозда шопыр болып, екеуі де зейнетке шыққан. Қарапайым отбасынан шыққан бала елдің сүйікті әншісіне айналды. Бала Ердос жастайынан ақындыққа әуес еді. Өлең шығарып, өзі де жарыстарға қатысып өскен. Еркін Нұржановпен, Асқар Жүнісбековпен бір сыныпта оқыған. Алайда ақындықты әншілікке ауыстырып, үлкен өнерде бағы жанды.

“Еркін екеуміз өнер десе, айтыс десе, ішкен асымызды жерге қоятын едік. Екеуміз бала кезімізден айтысқа, өнерге, әншілікке жақын болдық. Мен Абай оқуларына қатысып, республикалық жарыстарға шыққанмын. Алайда әншілік екеуін қатар алуға уақыт болмағандықтан, бір ғана жолмен жүруге тура келді. Сахнаға шықтық, әнші болдық. Ерғали Әбдірайымов Бағланның әкесінің туған інісі. Бізге продюсер болып, біздің бағымызды жаққан сол кісі. Бағлан арқылы таныстық. Бізге дейін кәсіпкерлікпен айналысқан. Бізбен бірге шоу-бизнеске келген адам”,- деді Ердос.

Әнші 50-ге таяған уақытта өзін сахнадан көргісі келмейді. Балаларым да әншілікті емес, ғылымды үйренсе, ілімді үйренсе, қари болса дейді.

“Қартайған шағымда бетім әжім болып, шашым ағарып сахнада тұрғым келмейді. Ол уақытта басқа іспен айналыссам деймін. Ағартушылықпен айналыссам деймін. Қайырымдылықпен айналысқым келеді. Алда не боларын білмеймін. Ат баспаймын деген жерін үш басады дейді. Мүмкін сахнада жүре беретін де шығармын. Мен ешкімге кінә тағып тұрған жоқпын. Үлкен ағаларымыз сахнада жүр ғой. Мен тек өзімді сахнадан көре алмайтын сияқтымын. “Жігіттер” тобы құрылмайтын тұрып та біз дос едік. Төртеуміз достықтан құралғанбыз. Еркін еркіндікті жақсы көретін жан болған соң топтан кетті. Онымен араласпай кеткен жоқпыз. Оның үні бөлек. Ол дара әнші”, – деді әнші.

Ердос Қанаев әйелінің тәрбиелі отбасынан шыққан қыз екенін айтады. Балаларының тәрбиесін жарына сеніп тапсырады.

“Әйелім бір үйдің жалғыз қызы. Өте тәрбиелі. Мен оған балаларымды сеніп тапсырамын. Оған сенемін. Әйелің жақсы болса, бағыңның жанғаны дейді”, – деді ол.

Әнші болашақта балаларын ілімге үйретпек. Әншіліктен, өнер жолынан алыс ұстағысы келеді.

“Балаларымның ілім жолында жүргенін қалаймын. Мен әнші болдым, сол жетеді. Балам қари болса екен деймін. Бір қари 70 адамға шапағатшы болады дейді. Жәннатқа қалаған 70 адамның кіруіне себепші бола алады. Сондай сауапты іс жасайтын аман болса екен деймін”, – деді әнші.

Ердос мырза “Музарт” тобын, “Меломен” тобын, “Музарт лайф” тобын тыңдайды. Жұбаныш Жексенұлы, Асқар Жүнісбеков пен Еркін Нұржанның әндерін жақсы көреді.

“Менің табиғатым лирикаға жақын. Өзім қандай ән айтсам, сондай әншілерді тыңдаймын. Хит-хоп әншілерін тыңдамаймын. Бұл жақтырмайды деген сөз емес”, – деді ол.

Әнші ата-анасын ерекше құрметтейді. Тіпті қасында отырсам да, сағына берем дейді өзі.

“Ата-анамның қасынан кеше ғана келдім. Ол кісілерге деген сағыныш басылмайды. Қасында отырсам да, сағына беремін. Ата-ананы риза қылмай жәннатқа кіру мүмкін емес. Сондықтан бауырларыма ата-анасына жақсылық жасасын деп айтар едім. Егер ата-анаға жамандық жасаған болса, ол адам соны осы өмірде өзі көрмейінше өмірден өтпейді”, – деді әнші.