Ердоған Ресейді бейбіт азаматтарға шабуыл жасады деп айыптады

0

Түркия президенті Режеп Ердоған 12 ақпанда Мәскеуді Сирияның Идлиб провинциясында бейбіт азаматтарға шабуыл жасап, зәбір көрсетті деп айыптады. Түрік әскерилеріне тағы шабуыл жасаса, үкімет күштеріне «жауап беретінін» айтып, қоқан-лоқы көрсетті.

Ресейдің қорғаныс министрлігі Ердоғанның айтқандарын жоққа шығарды. Министрліктің айтуынша, Сириядағы террористік топтар бейбіт тұрғындарды «тірі қалқан» ретінде қолданады.

Осы апта басында Идлибтегі Түркияның бақылау посты шбауылға ұшырап, ондаған сарбаз қаза тапқан. Анкара аймақта соғысты тоқтату үшін Мәскеуді Сирия президенті Башар Асадқа ықпал етуге үндеді.

Сәрсенбі, 11 ақпанда түрік және сириялық БАҚ америкалық сарбаздар мен Асад әскерінің қақтығысы туралы жазды. Қақтығыстан бір бейбіт тұрғынның өлгені айтылады. Қолда бар мәлімет бойынша, сириялық сарбаздар Америка сақшыларын тоқтатып, аспанға оқ атқан. АҚШ әскерилері бұған «жауап ретінде» оқ атып, соның салдарынан бір адам көз жұмған. Бұдан соң америкалық ұшақтар кемінде бір рет әуеден соққы жасаған.

АҚШ коалициясы сириялық сарбаздармен қақтығыс болғанын растады. Reuters агенттігі әскерилердің мәлімдемесін таратты. АҚШ тарабының айтуынша, жағдай тұрақтанған және сақшылар базаға оралған. Оқиғаның жай-жапсары зерттеліп жатыр. Дегенмен коалиция мәлімдемесінде қаза тапқан адам мен әуе соққысы жайлы айтылмайды.

Сирияның үкімет күштері бірнеше аптадан бері Идлиб провинциясында қарулы оппозициялық топтарға шабуылын жалғастырып жатыр. Ресей де, Түркия да Сириядағы қақтығысты тоқтату бойынша келіссөзге қатысып жүр, бірақ екеуі екі тарапты қолдайды. Мәскеу Асад әскеріне қолдау көрсетеді, Анкара оппозиция күштеріндегі белгілі бір топтарды қолдайды.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция 2014 жылы Сириядағы радикалды топтармен күрес бастаған. Коалиция Сирияның демократиялық оппозиция күштерін қолдайды. Ресей Сирияда әскери операциясын 2015 жылы күзде бастаған. Ол президент Башар Асад әскерін қолдап, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан азаматтық соғыста Асадтың басымдыққа ие болуына ықпал еткен. Батыс Мәскеуді адам құқығын өрескел бұзды деп айыптаған.

Global Witness: Асад туыстары Мәскеуде 40 млн доллардың мүлкін сатып алған

Azattyq