Ердоған мен Путин «Түрік ағысы» жобасын іске қосты, Таяу Шығыстағы жағдайды талқылады

0

Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей басшысы Владимир Путин 8 қаңтарда Стамбулда «Түрік ағысы» газ құбырының ашылу салтанатына қатысты. Бұл жоба Ресей газын жаңа бағыт бойынша Түркия мен Еуропаға жеткізуі тиіс.

«Түрік ағысы» — Мәскеудің Украина аумағы арқылы газ тасымалдауды азайту мақсатында жүзеге асырған жобасы. Газ құбырының құрылысы 2017 жылы мамыр айында басталған, оған шамамен 8 миллиард доллар жұмсалған.

Ашылу рәсімінде сөйлеген Путин Түркия мен Ресей «екі мемлекет пен Еуропа, тұтас әлем халқы игілігі үшін өзара қарым-қатынас пен әріптестіктің үлгісін» көрсетіп отыр деді.

Газ құбырының ұзындығы — 930 шақырымнан астам, Қара теңізінің табаны арқылы өтеді. Ол жыл сайын Ресейден Түркияның батысына 31,5 миллиард текше метр газ тасымалдауы тиіс. Оның жартысы Балқан мен Орталық Еуропа (Болгария, Сербия, Венгрия да бар) елдеріне кетеді.

Стамбулда өткен жобаның ашылу салтанатына Сербия мен Болгария басшылары да қатысты.

5 қаңтарда Болгарияның газ операторы «Булгартрансгаз» компаниясы Ресейдің газ тасымалдай бастағанын хабарлады. Терминал Болгариямен шекарадан шамамен 20 шақырым жердегі Түркияның Киик елді мекенінде орналасқан.

Ашылу салтанатында сөйлеген Ердоған Таяу Шығыстағы жағдайды талқылап, Иран мен АҚШ арасындағы ахуал «күрделі кезеңге» жетті деген.

Ашылу алдында Путин мен Ердоған ақпарат құралдарының қатысуынсыз оңаша форматта кездесті. Бұған дейін Кремльдің баспасөз қызметі Путин Түркия басшысымен Сирия мен Ливиядағы жағдай, екі мемлекет арасындағы экономикалық қатынастың барысын талқылайды деп мәлімдеген. Ал Ердоған кездесу барысында Идлибтегі жағдай мен Ресей-Түркия арасындағы Сирияға байланысты келісімнің орындалу мәселесі сөз болады деген.

Түркияға бармас бұрын Путин Сирияда Башар Асадпен кездескен.

Azattyq