Ер адам есірткіні дорбасымен жұтып қойған

0
Ер адам есірткіні дорбасымен жұтып қойған


Ұсталған азамат салмағы 10 граммдай марихуананы целлофан дорбасымен қосып жұтып жібергендігін мойындады.

Солтүстік шекарадағы Петропавл отрядының «Мамлютка — теміржол» өткізу пункітінің шекарашылары 27 қараша күні, сағ.16.15 мин. шамасында «Петропавловск — Москва» бағытымен қатынайтын № 89 пойызды тексеру барысында вагондардың бірінен 55 жастағы қазақстандық азаматты ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Есірткі ұстауға арнайы үйретілген «Имидж» атты қызметтік ит бұл азаматтың маңынан айналсоқтап кетпей қойған. Тексеру барысында ештеңе табылмағанымен, шекарашыларға күдікті болып көрінген заттар — оның өзін-өзі ұстауы мен портсигарынан табылған 7 тал, іштері бос «Беломор Канал» папиростары еді.

Күдік — бекер болмай шықты. Ұсталған азамат вагонға шекарашылар кіріп келген кезде сасқанынан, салмағы 10 граммдай марихуананы целлофан дорбасымен қосып жұтып жібергендігін мойындады. «Тірі контейнер» Петропавл желілік ішкі істер бөліміне тапсырылды.

Сондай-ақ Семейлік шекарашылар «Ауыл — теміржол» өткізу пункітінде, «Алматы — Новосибирск» бағытындағы № 302 пойызды тексеру кезінде де, қызметтік иттің көмегімен вагондардың бірінің шаруашылық тамбурындағы көмір тұратын бөліктен, полиэтилен пакетке салынған, салмағы 10 граммдай болатын гашиш есірткісін тапты. Бұл жерде барлық күдік соған келіп тірелгендіктен, 48 жастағы вагон жолсерігі ұсталып, Семей бекетінің желілік ішкі істер бөліміне тапсырылған.

Дереккөз: Baq.kz