ЕО Донбасстағы сайлауға қатысты санкцияны мақұлдады
Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің сыртқы істер министрлері 10 желтоқсан күні Брюссельде өткен жиында тоғыз адамға Украинаның шығысындағы мойындалмаған, Ресей қолдайтын сепаратистік аймақтарда сайлау өткізуді ұйымдастырғанына байланысты санкция салуды мақұлдады. Санкция салынғандар тізімі бүгін жариялануы мүмкін. Кейбір ақпараттар бойынша, тізімге мойындалмаған «Донецк халық республикасы» мен «Луганск халық республикасының» өкілдері енгізілген.
Қараша айында өткен сайлауда қос «республиканың» басшылары — Денис Пушилин мен Леонид Пасечниктің өкілеті бекітілген. ЕО сайлауды Донбасста бітім орнату жөніндегі Минск келісіміне қайшы келеді деп таныған.
Брюссельдегі жиында Украинадағы жағдай мен таяуда Керчь бұғазында болған жанжал талқыланады. Ресей 25 қараша күні Қара теңіз бен Азов теңізін қосатын Керчь бұғазында Украинаның үш әскери кемесін шекараны бұзды деп, оқ атып, экипажымен қоса тұтқындаған.
Бұған дейін Германия мен Францияның Керчьтегі жағдайға байланысты Ресейге жаңа санкция салуды қолдайтыны хабарланған. Ал Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас ЕО елдері желтоқсанда Ресейге бұған дейін Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккені үшін салған санкциясын ұзартатынына сенім білдірген.
Дереккөз: Азаттық