«Енді қатыспайды»: Данэлия Төлешованың анасы ел күтпеген мәлімдеме жасады — новости Казахстана

0

Минскіде өткен «Балалар Евровидениесі» байқауында алтыншы орыннан көрінген 12 жастағы қазақстандық әнші Данэлия Төлешова Қазақстанға ұшып келді. Журналистердің сауалына жауап берген жас таланттың анасы ел күтпеген мәлімдеме жасады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Данэлия Төлешова. Фото: Sputnik/Серикжан Ковланбаев

Данэлия Төлешова. Фото: Sputnik/Серикжан Ковланбаев

Данэлияның жақындары байқауға дайындық көп уақытын алғанын айтып жатыр. Десе де, әнші алдын ала үй тапсырмаларын орындап, мектеп бағдарламасынан тек бір апта уақытқа қалып қойған.

Ал анасы қызының аталған байқауда алтыншы орын алуы команданың қажырлы еңбегінің арқасы екенін айтады.

«Бізге көмектескен маман гонорардан бас тартты. Мұның барлығын шын жүректен жасап жатқанын айтты. Жанымызда болып, қолдау көрсеткен жандарға алғысым шексіз. Бейнебаянды түсіріп берген адам да бізден ақша алмады. Жалпы өзіміз де көп қаржы жұмсауға дайын емес едік.

Сондай-ақ, бұл Данэлия үшін соңғы байқау екенін айтқым келеді. Себебі байқау көп уақытты талап етіп, қызымның шығармашылыққа еш уақыты қалмайды», — деді жас таланттың анасы Елена Төлешова.

Айта кетейік, алдағы қысқы демалыс кезінде Данэлия Украина еліне баруды жоспарлап отыр. Аталған елдегі мамандар оған бірігіп жұмыс істеуді ұсынған екен.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Данэлия Төлешова «Балалар Евровидениесінде» өзіне қолдау көрсетуді сұраған болатын.

Сондай-ақ, жас әнші байқауда «Өзіңе сен» әнін қазақ және ағылшын тілдерінде орындап, алтыншы орын алды.