«Енді қанша жыл өміріміз бар?»: Елордада 500-ге жуық отбасы 15 жылдан бері пәтерін ала алмай жүр – Қазақстан жаңалықтары

0
87

Елордада үлескеркерлердің ақшасына салынып жатқан «Территория комфорта» деп аталатын тұрғын үй кешені 15 жылдан бері бітпей жатыр. Осы уақыт ішінде оған қаржы құйған кейбір азаматтар қоныс тойын тойлай алмай, о дүниелік болыпты. Ал талай жылдан бюері мызғымай тұрған кешен құрылысы енді тек 2022 жылы ғана қайта жалғасады екен. Мұны естігенде төбелерінне жай түскендей болған жұрт, енді кімге барып мұғдарын шағарын білмей дал болып жүр.

«Енді қанша жыл өміріміз бар?»: Елордада 500-ге жуық отбасы 15 жылдан бері пәтерін ала алмай жүр

Кезінде жарнамасы жер жарған «Территория комфорта»,  яғни «Жайлы мекеннің» бүгінде құрылысы орта жолдан тоқтап, тіпті кейбір жері құлағалы тұр, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Білмейміз кімге сенерімізді, елорда адамдарының, үлкен кісілердің құлағына тимейді. Мына үлкен адамдар осынша жылап жатыр ғой. 500 адамның көз жасына қалмайық, бітіріп берейік деп, біреуінің құлағына тиіп, жаны ашымайды. Мен соған таңқаламын. 75-ке келдік, енді қанша жыл өміріміз бар?» – дейді үлескер Гүлмараш Жартымбаева.

Дәл Гүлмараш секілді 500-ге тарта отбасы пәтер алу үшін «Тамыз Инвест Групп» деген құрылыс компаниясына үйдің толықтай құнын төлеп берген. Алайда, бұлай опық жейміз деп ойламадық дейді. Содан  бері сақалды құрылысты бітіруге бірнеше компанияның шамасы келмеген. Алғашқы салымдарын банктен несиеге алған тұрғындардың көбі қазір кісі есігінде күнелтіп жүр. Үйлі болам деп үміттенген 20 азамат бұл күнде дүниеде жоқ.

«Жыл сайын уәде береді. Бәрі жақсы дейді. Алайда ол қашан болады? Жетпіс жасқа толғанда ма? Ол кезде бармыз ба, жоқпыз ба?» – дейді үлескер Жұмашке Өтепова.

Үлескерлер талай құзырлы орынның табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже жоқ. Жұрттың сөзінше, бар міндеті мойнына алған «Елорда құрылыс» компаниясының директоры тұрғын үйді 2022 жылдан бастап саламыз депті. Бірақ, бүгін бас көтергендер бұл нақты шешім емес екеніне сенімді. Ал кезінде мәселені шешуге уәде еткен әкімдер қызметтерін бірнеше рет өзгертіп үлгерген.

«Елорда құрлыстың» директоры 2022 жылы саламыз деді. Оған дейін әлі үш жарым жыл бар. Біз осы қиындыққа душар болғалы Астанада бес әкім өзгерді. Әлі белгісіз, екі күннің ішінде қандай өзгерістер болып жатқанын көріп жатсыздар. 3 жарым жылда белгісіз бізді қандай өзгеріс күтіп тұрғанын», – дейді үлескер Қарлығаш Елшібаева.

Ал «Тамыз Инвест Групп» құрылысты созып жібергендіктен үлескерлер инвесторды ауыстыруға мәжбүр болған. Кейін құрлыс компаниясының басшылары сотталып кеткен соң нысан мүлде иесіз қалды. Қазір енді оған мердігер таңдалып жатыр екен.

«Жобалық-семталық құжат әлі дайын емес. Себебі мердігер әлі таңдалған жоқ. Ол мамыр айына дейін анықталады. Сонда ғана жобалаушы жағдайды бағамдап, үйдің құрылысына кірісуі тиіс», – дейді қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Антон Максимов.

Жаңа мердігер табылып, құрылысқа жан бітеді дегенді естісе де көпшіліктің жүзінен сенімсіздік байқалады. Дегенмен қандай жолмен болса да әйтеуір бір пәтерлі болуды тіліген жұрт әкімдіктің бұл сөзіне сеніп, жалдамалы пәтерлеріне тарқасты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz