Енді Президенттің жақындары ұлттық компанияларда басшы бола алмайды
Президенттің ағасы, әпкесі, балалары ұлттық компанияларға басшылық қызметке орналаса алмайды. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында Президентке жақын адамдарды кадрлық іріктеу мәселесін бөлек атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілі болып табылатынын ескере отырып, Мемлекет басшысының жақын туыстарының мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда басшы лауазымдарға орналасуына Конституциялық деңгейде тыйым салу жөнінде ұсыныс жариялады», — деді миинстр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Осы ретте ол заңнамаға сәйкес Президенттің жақын туыстарына кімдер жататыны және олардың қандай лауазымдарды атқара алмайтыны туралы мәселелерге толығырақ тоқталды.
«Заңнамада жақын туыстарға ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, атасы, әжесі, немерелері жатады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама да жекжаттар, яғни ерлі-зайыптылардың жақын туыстары үшін шектеулер белгілейді. Өз кезегінде, Президент Жарлығымен саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізілімі айқындалып, оларға министрлер, олардың орынбасарлары, әкімдер, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалар жатқызылған», — деп атап өтті Қанат Мусин.
Оның айтуынша, квазимемлекеттік секторға мемлекет қатысушы болып табылатын ұйымдар жатады.
«Осылайша заңнамалық деңгейде тиісті тыйымдар белгіленгеннен кейін, мысалы, Президенттің ағасы, әпкесі, балалары «Самұрық-Қазына» немесе «Бәйтерек» сияқты ұлттық компанияларда басшылық қызметке орналаса алмайды», — деді миинстр.