“Енді бизнес іріленеді”: Сарапшы қосымша құн салығын өсірудің астарын түсіндірді

Қаржы саласының маманы Айбар Олжаев қосымша құн салығының (ҚҚС) өсірілуі бюджет тапшылығын жоюдан бұрын салықтық әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады, деп хабарлайды Kznews.kz.
Орта бизнестің өсуіне жаңа ынталандыру
Сарапшының айтуынша, бұған дейін Қазақстанда орта бизнестің кеңеюіне нақты мотивация болмаған. Себебі кәсіпкерлер бизнесін ірілендірсе, төленетін салық мөлшері арта түсті. Осыған байланысты көптеген кәсіпкерлер бірнеше жеке кәсіпкерлік (ЖК) ашып, табыстарын бөлшектеп көрсетіп, салықтық жүктемеден жалтаруға тырысты. Жаңа Салық кодексі бұл үрдіске тосқауыл қоюды көздейді.
“ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға көтеру негізгі мәселе емес. Бұл өзгеріс бюджет кірісін айтарлықтай көбейтпейді. Мәселе – салықты төлеушілер базасының кеңеюінде. Бұрын ірі кәсіпкерлер табысын бірнеше ЖК-ға бөлшектеп, салықтан жалтарса, енді бұл мүмкін болмайды. Шағын, орта немесе ірі бизнес болсын – барлығы салықты толығымен төлеуге міндеттеледі. Осылайша, бизнес ашық түрде есеп жүргізуге көшуге мәжбүр болады және біртіндеп ірілене бастайды”, – дейді Олжаев “QASQA JOL” YouTube бағдарламасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ, жаңа Салық кодексі қабылданған жағдайда, 4% мөлшерлемемен бөлшек салық төлеушілер саны артады деп күтілуде.
“Қысқасы, шағын бизнес дами түседі. Үкімет бұл өзгерістің қаншалықты әсер ететінін алдын ала болжап отыр”, – деп түсіндірді сарапшы.
ҚҚС өсірудің негізгі себебі қандай?
Айбар Олжаев ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге не түрткі болғанын да тарқатып өтті.
“Пандемия кезінде экономиканы сақтап қалу басты міндет болды. Сол себепті нақты ұзақмерзімді жоспарлар жасауға мүмкіндік болмады. Нәтижесінде 2021-2022 жылдары экономика 2,6%-ға құлдырады, бірақ толықтай күйреп кеткен жоқ. Үкімет үлкен шығындарға тап болды, ал бюджеттің тұрақтылығын сақтау үшін қосымша шаралар қажет болды”, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру туралы шешім бұған дейін, яғни 2018-2019 жылдары-ақ Ұлттық экономика институтында дайындалып қойған.
“Бұл тақырып 2023-2024 жылдары ғана қоғамда ашық талқылана бастады. Өйткені бюджет тапшылығы барған сайын айқын көріне түсті. Мемлекет ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды іске асырды. Алайда бұл қаражат негізінен Ұлттық қордан бөлінді, ал бұл ұзақ мерзімді перспективада қаржылық тұрақсыздыққа алып келді”, – деп түсіндірді Олжаев.
Үкімет пен Ұлттық банк: екі түрлі мақсат
Экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін Үкімет пен Ұлттық банк арасында тепе-теңдік қажет.
“Үкімет экономикалық өсімді ынталандыру үшін ақша құюы керек. Бірақ бұл инфляцияның өсуіне ықпал етеді. Ұлттық банк инфляцияны бақылау үшін базалық мөлшерлемені көтереді. Ал мөлшерлеме көтерілсе, несие алу қымбаттайды. Сол уақытта Үкімет облигациялар шығарып, жоғары пайызбен қарыз алады. Нәтижесінде, бюджет тапшылығы ұлғаяды”, – деп түсіндірді сарапшы.
Бюджеттік дағдарысқа әсер ететін тағы бір фактор – қаржының тиімсіз игерілуі.
“Бюджеттің ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект жүйелерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл тәсіл болашақта қаржының дұрыс жұмсалуын қамтамасыз ететін виртуалды үкімет жүйесін қалыптастыруға қадам болмақ”, – дейді ол.
Оның болжамынша, жаңа Салық кодексі келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.