Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайланады – Президент

0

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атқарушы билікті сайлау мәселесіне де тоқталды. Президент ендігіде аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау тәжірибесіне көшуді ұсынды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Сондай-ақ тапсырмалардың орындалуын бақылау және бағалау жұмысын да қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазір қоғамда жаңа әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады,- деп атап өтті Тоқаев.

Президент кадр тапшылығы өзекті болып тұрған тұста мұндай қадам өте маңызды екенін айтты.

«Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді. Демек, кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет. Бұл ретте саяси партиялардың кадрлық әлеуетін де пайдаланған жөн»,- деді мемлекет басшысы.

Тоқаев аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды екенін атап өтті.

“Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз»,- деді Президент.