Еңбек нарығындағы жаңа мүмкіндіктер
Басқосу барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев форумның маңыздылығына тоқталып, елімізде атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Біз еңбек нарығының болашағына қатысты барлық сараптамаларды мұқият қадағалап отырамыз және Дүниежүзілік банктің, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік экономикалық форумның, Азия даму банкінің баяндамаларымен таныспын. Шынымен де, жаһандық технологиялық өрлеу адам капиталының сапасына, жұмыс күшінің біліктілігі мен құзыретіне жаңа талаптар қойып, еңбек нарығында жаңалықтар пайда болуда. Біріншіден, Индустрия 4.0, «ауқымды деректер», жасанды интеллект және робот техника сияқты цифрландыру мен технологиялардың қарқынды дамуы жұмыс орындарының құрылымын өзгертуде. Сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылға дейін шамамен жұмыс орындарының 4% немесе 140 млн-ы жойылып кетуі мүмкін. Ал 80-90% немесе шамамен 3 млрд жұмыс орны күрделене түспек. Бұрынғы кәсіптердің жойылып, жаңа кәсіптердің күрделенуі үкіметтердің күн тәртібіне автоматтандыру нәтижесінде жойылған жұмыс орындарының орнын толтыру, өз елдеріндегі еңбек ресурстарының жаңа дағдыларды игеру икемділігін қамтамасыз ету мәселелерін қойып отыр. Екіншіден, технологиялар мен инновациялар жаңа кәсіптер мен салалардың пайда болуына, демек, жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Болжам бойынша, жаһандық еңбек нарығындағы жұмыс орындарының шамамен 10% (немесе 350 млн) жаңа кәсіп түрінде ұсынылады. Олар дәстүрлі салалар мен инновациялар тоғысында пайда болмақ. Үшіншіден, жаһандану және технологиялық прогресс гиг-экономиканың дамуына әкеле жатыр, ол қазірдің өзінде жұмыспен қамтудың, өзін-өзі жұмыспен қамтудың неғұрлым икемді формаларын және еңбек нарығына халықтың әлжуаз топтарын барынша тартуды талап етуде. Еңбек нарығы өзгеруде. Былайша айтқанда, «фрилансерлердің» саны артып келеді. Жартылай немесе уақыты ыңғайлы жұмыспен қамту, бірлесіп жұмыс істеу, үйде отырып жұмыс істеу, жылдық сағаттар көлемі сияқты жаңа форматтар кеңеюде, деді Б.Сағынтаев. Үкіметтің жоспарлауынша, алдағы
7 жылда ұлттық еңбек нарығына колледждер мен университеттердің 2 миллионға жуық түлектері шығуы мүмкін. Оларды сапалы жұмыс орнымен қамтамасыз ету қажет. Сондықтан 2025 жылға қарай бір миллионға жуық жұмыс орнын құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұл үшін жобалық басқару енгізілді, базалық салаларда ғана емес, өндірістерді автоматтандыру және цифрландыру, өнеркәсіпте Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, жаңа перспективалы салалар мен сервистік экономиканы құру тұрғысында да жұмыс орындары құрылып жатыр. Екіншіден, Үкімет Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін енгізді. Оның басты міндеті – жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты алдын ала бағалау, мамандардың қажеттілігін анықтау және оларды даярлау, қайта даярлау үшін жүйе құру. Үшіншіден, технологиялық жаңғырту нәтижесінде босап қалатын еңбек ресурстарының ағынын басқару тетігі енгізілді. Барлық өңірлерде ірі кәсіпорындармен жұмыс жүргізілуде.
Сонымен қатар еңбек нарығының икемділігін арттыру үшін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі алғашқы цифрлы алаң және ең үлкен бос жұмыс орындары мен резюмелер қоры – Электронды еңбек биржасы енгізілмек.
«Оған барлық 200 мемлекеттік және 48 жеке жұмыспен қамту агенттігі, сонымен қатар бірқатар БАҚ пен онлайн-алаңдар қосылған. Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және жұмыс орындарын ашу мақсатында Үкімет жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда. 2017 жылдың басынан бері бұл мақсатқа 190 млрд теңге бөлінген. Бұл 1 млн-нан астам адамның, оның ішінде биыл 430 мың адамның жұмыспен қамтылуына мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар жалғастырылады деді Б.Сағынтаев.
Форум барысында халықаралық ұйымдардың өкілдері еңбек нарығына өзгерістер әкеліп жатқан жаһандық беталыстар жайлы ақпарат берді. Әлемдік тәжірибесі мол сарапшылар трендтердің дамыған және дамушы экономикаларға ықпал етуіндегі айырмашылық жайлы әңгімеледі. Дамыған және дамушы елдердің тәжірибесі негізінде жұмысбастылық, білім беру және дұрыс әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету саласындағы өзгерістерді басқару бойынша жоспарлар мен тәжірибелер таныстырылды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»