Еңбек министрлігі халықтан кешірім сұрады

0

Еңбек вице-министрі Нариман Мұқышев Telegram-бот айтылған уақытта дайын болмағанын мойындады. Ол бес-алты күннен кейін ғана іске қосылған

АЛМАТЫ, 11 сәуір – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге өтініш беруге арналған Telegram-бот уақытылы жұмыс істемегені үшін кешірім сұрады. Ол 1 сәуірде іске қосылатыны хабарланса да, іс жүзінде тек 6-сы күні жұмыс істей бастаған.  

Оқи отырыңыз: 42 500 теңге жәрдемақыны екінші рет ала алады 

«Бұл ботты іске қосу жұмыстары біз ойлағаннан көп уақытты алғаны үшін кешірім сұраймын. Оны келесі күні іске қосқымыз келіп еді, бірақ іс жүзінде бес-алты күннен кейін жұмыс істеді. Біз өз мүмкіндігімізді асыра бағалап, шамамызға қарамадық. Сондықтан қиындықтар болды», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев журналист Роза Есенқұлованың тікелей эфирінде.

Ол Telegram-ботқа қатысты ақпаратты алғаш жариялаған кезде, оны іске қосатындарын ғана айтқанын атап өтті.

«Біз қазір жұмыс істеп жатыр деп айтпадық. (…) Әріптестерімізбен бірге бот осыншама көп адамға төтеп бере алмай, бұзылып қалуы мүмкін деп алаңдадық», — дейді Мұқышев.

Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми боттарға сілтемелердің тізімін жариялап, алаяқтардың құрбаны болмау үшін соларды ғана пайдалануды ұсынған болатын.

 42 500 теңге әлеуметтік жәрдемақы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеуінде елдегі төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған барлық азамат ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алатынын мәлімдеді.

Бұл санатқа өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар да кіреді. Акция төтенше жағдай режимі аяқталғанша жалғасады. Өтінімді eGov сайтында, 42500.enbek.kz порталы немесе Telegram-бот арқылы беруге болады.    



sputniknews.kz