Еңбек миграциясы салдарынан Қырғызстанда 277 мыңнан астам бала қараусыз қалған

0

Еңбек миграциясының салдарынан Қырғызстанда 277 мыңнан астам бала ата-анасының қарауынсыз қалған.

Қырғызстанның ұлттық статистикалық комитетінің халықаралық ЮНИСЕФ-пен бірігіп жүргізген зерттеуінде осындай дерек айтылады. Бұл зерттеуде жаңа туған нәресте мен ана денсаулығын қорғау, білім алу жағдайы, балалардың тамақтану дәрежесі, ерте некеге тұру сияқты 24 сала бойынша дерек бар. 2006 және 2014 жылғы зерттеулермен салыстырғанда 2018 жылғы зерттеудің мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығы, әйелдер қауіпсіздігі, қаражат аудару, негізгі білім алу, энергия қолдану сияқты жаңа аспектілерді қамтығаны айтылады.

ЮНИСЕФ өкілі Мунир Мамадзаде Азаттық тілшісімен сұхбатта ата-аналары еңбек миграциясында жүрген балалардың зорлық-зомбылыққа жиірек тап болатынын айтқан.

Қырғызстанның еңбек және әлеуметтік даму министрлігі 2018 жылы 700-ден астам отбасы арасында сауалнама жүргізіп, әкесі мен шешесі немесе ерлі-зайыптылардың бірі еңбек миграциясында жүрген 102 мыңнан астам баланы анықтаған. Ведомство басшысы Улукбек Кочкоров Сузак ауданында жақындарынан таяқ жеп, көз жұмған екі жасар қыздың осындай отбасыдан шыққанын айтқан.

Azattyq