Еңбек культі және креативті индустрия: Президент жастарға жаңа мүмкіндіктер туралы айтты
![](https://kznews.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG_5172-905x613.jpeg)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде заман талабына сай білікті мамандардың көп екенін атап өтті. Ол мұғалімдер, дәрігерлер, ғалымдар, инженерлер, өнеркәсіп саласындағы жұмысшылар мен басқа да мамандардың қоғам дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады деп «Жаңа Адамдардар» жастар форумында айтты.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жастары креативті индустрияда да зор табыстарға жетіп жатыр. Осы салаға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, арнайы қор құрылуда. Бұл қор әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарына қатысты жобаларды жүйелі түрде қолдаумен айналыспақ.
– Сондай дарынды азаматтардың арқасында бүкіл әлем Қазақстанды талантты әрі еңбекқор адамдардың елі деп танитын болды. Жастардың қарым-қабілетін көрсетуіне бұл да бір керемет мүмкіндік. Ең бастысы – адал еңбек етіп, адал табыс табу, яғни адал азамат болу, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғанын еске салып, еңбек адамының беделін көтерудің маңыздылығын атап өтті. Ол кез келген жұмыстың қадірлі екенін, әсіресе, жұмысшы мамандықтарын игерген жастардың зор құрметке лайық екенін айтты.
Форум барысында жастар ұйымдарының жетекшілері сөз сөйлеп, Президенттің бастамаларын қолдайтындықтарын жеткізді. Олардың қатарында «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының Алматы кампусының жетекшісі Владимир Изюмников, қозғалыстың баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов, «Тұмар» азаматтық науқанының жетекшісі Ғалия Тузен, «Халық қаһары» азаматтық науқанының жетекшісі Әлихан Сәрсенов, «Antitrash» азаматтық науқанының жетекшісі Бауыржан Аманов бар.
Жиынды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қазақстанды көркейту – әрбір азаматтың қастерлі парызы екенін атап өтті. Ол берекелі бірлік пен жастардың жасампаздық қуатының арқасында Әділетті Қазақстанды бірге құруға сенім білдірді.