ЕҢБЕК ЕРІНЕ АРНАЛҒАН АПТАЛЫҚ | «Айқын» газеті

0

Алматы қаласындағы №141 жалпы білім беретін мектеп жыл сайын жаңа оқу жылынан бастап, түрлі  тәрбиелік маңызы бар шараларды жиі  өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Сондай шараның бірі  еліміздің  Тәуелсіздік күніне орай Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері, ұлағатты  ұстаз Аягүл Миразоваға арналды. Оның ұстаздық өмірі мен тәлім-тәрбиесін дәріптеу мақсатында бастауыш сыныптар арасында апталық тәрбие сағаты өтті.

Тәрбие сағатында мектептің 1-4 сынып оқушылары үлгілі де, ұлағатты ұстаз А.Миразованың өмірі мен шығар­ма­шылығы, оқу және тәрбие жұмы­сын­дағы жетістігі туралы танып білді. 50 жыл ұстаздық мамандықты терең меңгеріп, шәкірт­теріне сапалы білім беруде үл­кен еңбек сіңірген маман, қарапайым ұстаздықтан бастап, мектеп басқарудағы да игілікті істері көпке үлгі боларлық жақтарымен дараланғандығы туралы да әңгіме айтылды.
Апталықта әр сынып еліміздегі ұстаздар ішінде тұңғыш рет Еңбек Ері атанған А.Миразова жайлы бейне­ролик­тер, естеліктер және апайдың оқу мен тәрбие жұмысына арналған тәлімдік үлгілі сөздері де оқылса, ата-аналарға байланысты ақыл-кеңестері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ апталықта ұстаз деген ұлағатты сөздің құдіреті жай­­лы оқушыларға терең түсіндіріліп, түрлі мысалдар мен деректер келтірілді. Ұлағатты ұстаз тәрбиелеген мыңдаған шәкірттері еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүргендігі және олар ұс­таз­­дарын қашанда мақтан ететіндері жай­лы естеліктері оқушыларға жақсы әсер қалдырды.

Ақмарал САЛҚЫНБЕКОВА,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары