Ең басты бітімгер | «Айқын» газеті
– Бүгінде біздің ел – Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің және басты инвесторларының бірі. Негізі, Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық тарихының бастауы да Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев атымен тығыз байланысты екенін атап өткім келеді. Себебі, Астана мен Рим арасындағы достық Қазақстан Тәуелсіздік алған кезде туды. Ал Азаттық пен Елбасы атаулары сіздерде қатар айтылатын егіз ұғымдар саналады.
Италия өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ елінің жаңа, тәуелсіз мәртебесін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды.
Елдеріңіздің, әсіресе, жас елордаларыңыз – Астананың абаттану, ажарлану, даму қарқынына сүйсіне қараймын. Мемлекеттің жаңа бас қаласын тұрғызу және лайықты астанаға айналдыру – нағыз лидердің қолынан ғана келетін іс.
Бұл сонымен бірге көшбасшының орасан зор саяси ерік-жігерінің және бүкіл елдің әлеуеті мен қуатының шынайы демонстрациясы!
Өз болашағына сенімді болмаған, еңсесі езілген, жігері жасыған, бірлігі мен тұрақтылығынан айырылған ел мұндай қадамға бара алмайды.
Демек, қазақ елінің бұл үлгісі әлемдегі көптеген мемлекеттерге өнеге, тағылым.
Италия сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік миссиясы мен рөлін жоғары бағалайды. Өйткені ол тек өз халқын ғана емес, бүкіл адамзатты соғыс пен текетірестен ада, бақуатты болашаққа жақындату үшін күш салып жүр.
Н.Назарбаев бұл жолда Семей полигонын жабу, әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші саналған ядролық арсеналдан бас тарту секілді өзіне дейін ешбір лидердің ізі түспеген бағыттармен жүріп отырып, осы биігіне көтерілді.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы жаһандық бастамалары мен оларды ілгерілетудегі күш-жігері қазіргі кезде Қазақстанды заманауи әлемдік аренадағы ең басты бітімгер етуде.
Этторе Розато,
Италия Парламентінің Депутаттар палатасы төрағасының орынбасары