ЕҢ ӘДЕМІ КИІМ – ҰЛТЫҢНЫҢ КИІМІ
Қай елдің қанжығасын майлап жүрміз?
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Тіпті оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан құрмет көрсетудің көрінісі деп бағаланған. Иә, «Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі» депті бұрынғылар. Мұны соңғы жылдары Елбасы да ерекше құнттап жүр. Ішкі нарықты отандық тауармен толтырудың маңызын әр жолдауында айтады. Бір жолы өзінің кигені де осы отандық өнім екенін жеткізсе, тағы бірде «Егер, сіздер киген шетелдік киімді алып қалсақ, тыр жалаңаш қаласыздар» деген астарлы әзілімен жаншып өтті. Күні кеше Ұлы даланың ерекше қырларына тоқтала отырып та осы киімге ерекше мән берді. «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті – салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша, кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды» деп, қазақтың киім тігуде кенже қалуға құқысы жоғын тағы бір еске салды. Осыған орай еліміздегі киім өндірісімен айналысып жүрген шағын және орта кәсіп иелерін әңгімеге тартып, отандық өнімдерге сұраныс қандай, олардың жұмысына қандай кедергілер бар деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Шикізат тек шетелден келеді
Соңғы жылдары тек шетелдік киімдерді киіп алып, онымызды «жеңіл өнеркәсіп саласында шикізат тапшы, құрал-жабдық ескі, жаңа технология мен жұмысшы кадр жетіспейді» деп ақтап алумен ғана жүргеніміз жасырын емес. Өйткені елдегі киім-кешектің 90 пайызы импорт арқылы келіп жатыр. Отандық тоқыма-тігін өнімі ішкі қажеттіліктің 8 пайызын ғана өтеп тұрғанын біліп отырып, кінәні өзімізден іздегіміз келмейді. Қолда бар деректерге сенсек, еліміз бойынша 1534 жеңіл өнеркәсіп орны бар. Оның 20-сы – ірі, 35-і – орташа және 1479-ы – кішігірім өнеркәсіп. Деректерге сенсек, бұл өнеркәсіп орындарының тек
58 пайызы ғана жұмыс істейді. Қазақстандық нарықтағы отандық өндіріс ошақтарының үлес салмағы – бар-жоғы 0,6 пайыз. Оған қоса биылдың өзінде 20-дан астам кәсіпорын жұмысын тоқтатып үлгеріпті.
Расында, жүнге жарығанымен, жейдеге жарымай жүрміз. Кең-байтақ жеріміздің мақтасын матаға айналдыра алмай отырмыз. Осының салдарынан киім өндірісіне келгенде өзгеге телміруді тоқтатқан жоқпыз. Жыл сайын өндірілетін 15-20 мың тонна жүннің 10 пайызын ғана пайдаланыппыз. Қалғаны – ұстағанның қолында, тістегіннің аузында. Сәнді киімнің отаны саналатын Италия мен Франция қойдың жүнін бізден арнайы тапсырыспен алдыртып отыр. Ал біздің киіп жүрген жемпірлеріміз бен кеудешелеріміздің 98,9 пайызы – шетелдің өнімі. Қара қойдың жүнінің қадіріне жете алмай жүріп, қарадай күйіп жүрген – тағы өзіміз. Осы жерде қателік қай жерден кетті деп қамығып та қаламыз. Hаzifa брендінің негізін қалап, ұлттық бренд сыйлығының иегері атанған, EXPO халықаралық көрмесі кезінде де бұйымдарын ұсынып, көпті қызықтырған ісмер Қазипа Қалиқызы бұл сауалымызға мардымды жауап берді. Оның айтуынша, отандық өнімдеріміздің қымбат болуының бірінші себебі – елімізде тігінге қажет негізгі шикізаттың болмауы. Тауар өндіруге жұмсалатын материал, мата, жіп шетелден келеді. Екіншіден, маман жетіспейді. Сондықтан еңбек күші де қымбат. «Өз өнімдерімізге қолданатын материалдардың ешбірі елімізде шықпайды.Тігінге қажет маталарды шет елдерден алып келеміз. Бізде сатылып жатқан ине, жіп, түймелер – жалпы фурнитураның барлық түрі Қытайдан, Ресейден әкелінген», – дейді ол.
Мектеп формасын тігуден аса алмай отырмыз
Халықаралық тәжірибеде экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан артық болуы керек. Бізде 10 пайыздық бүгінгі көрсеткіштің өзі тек тапсырыспен, тендер арқылы дайындайтын мектеп, әскери формадағы киім үлгілерін тігуден аса алмай отыр.
1990 жылдарға дейін Қазақстанда 1 мыңнан астам жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істеп тұрса, бүгінде мұның тұтас ел өнеркәсібіндегі үлесі жылдан-жылға кеміп келеді. Егер 90-жылдары бұл салада 220 мың адам жұмыс істесе, бүгінде саны 13 мың адамға дейін қысқарған.
Қазақтың қыз-келіншектері әу бастан ине-жіпке епті. Ендеше, бұл күйге қалай түстік? Оған тігіншілер, дизайнерлер, кәсіпкерлер жауап бере алмаса, бұл кімнің кінәсі? Мүмкін осындай тоқыраудың астарында мемлекет қолдауының ақсауы жатыр ма? Білетініміз, біздегі мәселе отандық тігін фабрикаларының көпшілігі тек тапсырыспен ғана күнелтетінінде болып отыр. Қыркүйектің қарсаңында мектеп формаларын тігеді, сосын жыл бойына бәсеңсіп қала береді.
Қазақстандық дизайнер Ұлбосын Төленова мұның негізгі себептерін санамалап берді. Оның айтуынша, менеджмент мәселесіне мән берілуі керек. Киім тігетін кәсіпорынның немесе цехтың жанында тұтынушының талғамын саралап отыратын мониторинг болуы қажет. «Бізде отандық киім өндірісі дамымай отыр деуге негіз жоқ. Әсіресе, соңғы жылдары қайтадан қолға алып келеміз. Бірақ тек мектеп формаларын тігуден аса алмай отырғанымыз шындық. Мұның түрлі себептері де бар. Қаржы, маман, шикізат… деп кете береді. Киім үлгілерін бұрынғы сол қатып қалған қағидамен дайындамай, жас ерекшелігін, тұтынушы талғамын ескеруіміз керек. Тағы бір мәселе, бізде бұл салаға жарнама жетіспейді. Жарнамасы жер жарған небір шетелдік киімдерді ұстап та, киіп те көріп жүрміз. Бізге өзіміздің өндіріп отырған киімдерді жарнамалауды мықтап қолға алсақ жеткілікті. Сосын матаның сапасы, түрі сән үлгілеріне қарай өзгеріп отырса, аз уақытта өз өзімізді киіндіре алатын ұлтқа айналамыз», – дейді ол.
Біздің де ойымыз осыған саяды. Өйткені қазірдің өзінде «отандық киім өндірісі алға жылжып келеді» деп, сәл де болса мақтана алсақ, оған еліміздегі нәзікжандылардың үлесі бар. Оларға мемлекет тарапынан қолдау болса, бұл істе де белсенділік танытары сөзсіз.
Салық реттелмей, өндіріс дамымайды
Экономистер керісінше бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар болғанымен, ары қарай жетілдіруге келгенде кенжелеп отырғанымызды айтады.
«Үкімет жағынан қолдау жоқ деп айтуға болмайды. Әлемдік нарықта таза иірілген жүннің бәсі артық. Бізде мақта да бар, жүн де бар. Екеуіне де кенде емеспіз. Демек, өңдеу өнеркәсібін жетілдіруге мүмкіндігіміз бар» деген Мақсат Еркінбек мұның негізгі себебі киім сататын дүкендерде сауда нүктелерін жалдау ақысы тым жоғары, осының әсерінен кәсіпкерлер тек атақты брендтердің өнімдерін сатуға мүдделі екенін алға тартады. «Елімізде жүн-жұрқаны айтпағанның өзінде тері, мақта, былғары сияқты шикізат қоры жетеді. Ендеше, жеңіл өнеркәсіптің әлемдік нарығында әлеуеті жоғары ел бола алмай келе жатуымызға не себеп? Шикізаты өзінен шығатын ел өзгенікіне тәуелді болмауы керек. Керісінше, біздегі шикізаттың 80-90 пайызы экспортқа кетеді. Өйткені оларға елімізде бар зауытқа өңдеуге тапсырғаннан гөрі, өнімін шетелге сатқан тиімді. Экспортқа шығарылатын шикізат үшін қосымша құн салығынан босатылады. Дәл сол мақтаны ішкі нарықта сататын болса, ешқандай пайда болмайды. Міне – мәселе», – дейді ол. Осы уақытқа дейін киім нарығы Еуропа мен Солтүстік Африкада қарқынды дамыса, бұл үдеріс қазір Азия мен Оңтүстік Америка елдеріне қарай ойысқан. Еуропалықтар шикізаттан қандай жағдайда сапалы материал алуға болатынын жақсы меңгерген. Олар жүнмен қалай жұмыс жасауды біледі. Біз сол жүнді өзімізден өткізіп отырып, еуропалықтардың сәнді, сапалы маталарына зәру болып отырмыз. Осы саладағы кәсіпкерлеріміз солар дайындаған дайын маталардан бренд киім тігіп, оған «отандық өнім» деп атау беріп отыр.
Қапшықтап киім тасығанды қашан қоямыз?
2018 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша елімізге жалпы көлемі 144,3 миллион долларды құрайтын импорттық киім-кешек әкелініпті. Олардың 80 пайызы – Қытай, Түркия, Бангладеш, Италия және Өзбекстан елдерінен жеткізілген тауар. Саланың дамуына кедергі келтіріп отырған тағы бір мәселе – контрабандалық тауар тасымалы. Қытай, Түркия және Қырғызстаннан көлеңкелі және заңды жолмен келетін дайын киім-кешектер отандық өндірістің баяу дамуына әсерін тигізіп отыр. «Түріктерден қандай киім шығады, қырғыздар сол киімді бір түнде сан мың данамен тігіп шығарады. Біздің нарықта осы киімдер сұранысқа ие. Енді оған Өзбекстан қосылды. Қазір бізге ең жақыны осы ел болып тұр. Халықтың олардың киіміне деген көзқарасы да бөлек. Көбі қырғыздікін емес, өзбектікін алады» дейді базар сатушылары бірауыздан. Біздің де мұндай қарқынға жетуге шамамыз жетеді. Бірақ жұмыс жүріп тұрған жоқ. Еліміз бойынша киім өнеркәсібімен 989 кәсіпорын айналысады. Оның 11-і ірі, 29-ы орта, 943-і – шағын компания. Соңғы екі жылда киім алушылар саны 3,5-тен 4,5 пайызға артыпты.
«Қазақстандық дизайнерлер елімізге де, шетелге де таныла бастады. Мысалы, «Асыл мұра» өнімімізге сұраныс өте жоғары. Бірақ бізге көп жағдайда жұмыс күші жетпейді. Бұл дегеніңіз – маман тапшылығы. Яғни, ең алдымен, киім өндірісіне, тігін саласына маман дайындаудан бастау керек. Бұл жерде біріншіден мамандарды жұмыспен қамтып ұтсақ, екіншіден отандық өндірісті дамытар едік. Бізге мамандарды тәрбиелеуден гөрі, Қытайдан қапшықпен киім тасыған оңай», – дейді дизайнер Ұлбосын Төленова.
P.S. Ақселеу Сейдімбек ағамыз «Қазақ қыздары көшеде де ұлттық нақышта киінсе, тым болмаса, киімінің бір шетіне қазақша ою салып алса ғой» деп армандапты. Отандық өнім, оның ішінде киім-кешек мәселесі енді ғана еңсе көтеріп келеді. Бірақ бағасы тым қымбат. Өзіміздің шикізатты өзгеге сатып, өзгенің киімін киіп жүрген жер бетінде жалғыз өзіміз ғана шығармыз. Ендігі жерде біз тізген мәселеге мән беріп, киетін киімімізді бүтіндеп алмасақ қазақ атымызға да сын.
Өйткені өзіміз айтатындай, «Ит те киімге қарап үреді»…
Сіз не дейсіз?
Феруза ЖАҚСЫБАЙ,
этнограф:
– Қазақ киімдерінің түрі, үлгісі көп. Бұл – киім сонау көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғанып келе жатқан қолөнердің аса бай қазынасының бірі. Әсіресе, бас киімдер мен сырт киімдер өте ертеден күні бүгінге дейін өзінің әсемдігімен, заманауи үлгіде кәдеге жарап келеді. Қазір небір құндыз бөріктер, тондарды шетелден әкеліп, әспеттеп киіп жүрміз. Солардың барлығын ата-бабаларымыз тіккен. Жыл мерзімдеріне сай арнайы жасалған түрлері, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған және тағы да басқа жас ерекшелігіне қарай бөлінетін түрі көп кездеседі. Киімдеріміздің пішіндері мен нақыштары өзгеше таза ұлттық нұсқада болды. Оған кез келген ұлт қызығып қарайды. Сенбесеңіз, қазір мықты дизайнерлеріміз осындай үлгілерді жаңғыртып, шетелге шығарып, көрсетіп жүр. Оларға қызықпайтын адам жоқ.
Қазақ киімдері бұрын да күнделікті тұрмыстық және салтанаттық сәнді деп екіге бөлінген. Қазір де солай. Жалпы алғанда, қазақ киімдері – етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын сәнді.
Гүлжан ШОРАБЕК,
тігінші:
– Осы Астанадағы белді кәсіпорында жұмыс істедім. Жұмыс орнымыз тек тендерге қатысып, ауқымды тапсырыстар жасайтын. Көбіне әскери киім мен дәрігерлердің қызметтік киімін тіктік. Жалақымыз да дұрыс болды. Бірақ өзім тігінші ретінде басқа дүниелерді ойлап, жеке кәсібімді ашқым келді. Сөйтіп, жеке жұмыс істеуге көштім. Сонда байқағаным – бізде түрлі киімдерді тігуге жағдай жасалмаған. Инеден бастап, қарапайым тігінге қажетті барлық керек-жарақты сырттан сатып аламыз. Матадан бастап, түймелерге дейін сырттан әкелген соң, біздің тіккен киімдерімізге екінің бірінің қолы жете бермейді. Отандық киім өндірісін дамыту үшін алдымен сол киімге керек заттарды өндіруді қолға алу керек. Оған майда-шүйде деп қарауға болмайды. Біздің мықты кәсіпкерлер осыған назар аударса дейсің.
Гүлжан РАХМАН