Елжан Біртановтың әкесі Амантай Біртанов туралы не білеміз?

0

«Қаламгер қазынасы» сериясынан

ӘКЕ МЕН БАЛА

немесе менің Амантай Біртановқа арнап жазған «Мінездемем»

І.

Амантай ағаны білетіндердің бәрі мінезін мақтайды. «Жібектей» деп. Расында солай ма? Бәлкім, дұрысы… шар болаттай мықты шығар.

Мен бұл ойға ағамыздың тағдырына қатысты бірнеше оқиғадан кейін тоқтадым.
Ауылда Амантай ағаның Балтабай деген жан досы бар. Өзі өмір бойы шаруашылық саласында қызмет істеп келе жатыр. Тіпті, Таластың мал-жанының отымен кіріп, күлімен шығып жүр десе де болады. Бірақ өміріне өкпесі жоқ. Инженер, кеңшар директоры, аудан әкімі…

Міне, Әбеңнің осы досы алпысқа толды. Дос десе жүрегін жұлып беретін көкем бар шаруасын жиып тастап, Тараз қаласында өткелі жатқан осы ұлы дүрмекке екі-үш күн бұрын арнайы кеп қызмет етті…

Белгіленген күні той да басталып кетті. Әлбетте, тойға жиналған тондыларда қисап жоқ. Көлденең тартылған сый-сияпат та жетерлік.

Ортада тойдың сәні — жарқылдап Әбекең жүр. Қонақтарды күтіп алу, сөз беру, бәрі-бәрі бір өзінің қолында.

«Інім» деп менімен де жарқын амандасты. «Аға, досыңыздың қуанышы құтты болсын?» деп той дастарханына өтіп кеттім. Отырып дәм ауыз тие бастағаным сол еді, қасымда отырған қонақтың бірі:

— Әбекеңе қиын болды, — деп бүйірімнен түрткені. Жүрегім зу ете қалды.
— Не болды? — дедім жұлып алғандай.
— Алматыдан осы тойға келе жатқан жеңгеміз бен құдағи мінген жеңіл көлікті қаланың ішіне кірген кезде бір оңбаған мәшинесімен қағып кетіпті…
— Аман ба?!.
— Ауруханаға түсіпті.
— Жарақаттары жеңіл ме әйтеуір?
— Құдағидың жарақаты жеңіл сияқты, ал жеңгеміздің жағдайы қиын-ау деймін…
Мен жалт бұрылып Әбекеңе қарадым.
Жаңа ғана ағалы-інілі боп қуана қауышқан жоқпыз ба? Қалай байқамағам? Той залының ортасында жүрген Әбеңнің жүзіне енді барлай, көз тоқтата қарадым.
Жүзі қуқыл тартып тұр екен. Жаңағы тосын хабардың әсері ме, маған Әбекең дос қуанышы мен қонақтар көңілі үшін ләж жоқ күліп тұрғандай көрінді.
Не деген төзім! Не деген қайрат! Ішін әлем-жәлем өкініш өртеп, еңселі бойын уәйім басқанымен, қайратын жиып, сырт көзге титтей де сыр білдірмейді. Тойға келген тондылармен бірге күліп, бірге тілек айтып, той қуанышына сызат түсірмей жүр.
Үзіліс кезінде, шыдай алмай, ағайымның қасына таман жақындап жеңгей мен құдағидың жағдайын естігенімді айтып, хал-жағдайларын сұрадым. Әбекең екеуін де Тараз қалалық жедел жәрдем ауруханасына орналастырғанын, жағдайларының жаман емес екенін айтты да қойды.
Босаңсып, аһылап-уһілеген жоқ. Жүзі сәл күреңітіп, қуқылданғаны болмаса, қорғасындай салмақты, сабырлы қалпынан той біткенше айныған жоқ. Дос-жарандары мен бауырларының көңілін аулап, қас-қабағына қарап жүру парызы жазылмаған зада заңы сияқты.
Осы көтеріңкі көңіл-күйден ол ертесіне қонақтарды шығарып сап тұрған кезде де ажырамады. Жан-дүниесіндегі аласапыран өкінішін бір-ақ ауыз сөзге сидырып «жеңгелерің осы жолы арнайы көйлек тіктіріп, Жанғара қайныммен вальс билеймін деп келе жатыр еді…» дегенде, бәріміздің ет-бауырымыз елжіреп кетті.
Ал Әбекең мықтылықтың үлгісін көрсетті.
Міне, мен осы кезде барып әз ағам Әбекең жанының шар болаттай мықты екенін алғаш рет байқағанмын.

ІІ.

Алматыға жүріп бара жатып «жеңгелерің мен құдағиымды әзірге орындарынан қозғауға болмайды. Бір аптадан кейін бірнеше жедел жәрдем машинасын әкеліп, алып кетем» деді.
Жүрек тағы да сыздап қоя берді. Достың тойына қос аққаудай бірге кеп бірге қайтудың орнына соқа басы сопайып жалғыз кетіп бара жатқан жан ағаның жан сарайында сол сәтте қандай жанартаулар бұрқылдап жатты екен?
Көңіліне қаяу түсірмейік деп сол күні Әбекеңді алматылық қонақтармен бірге қол бұлғап, дәм-тұзбен Байзақ ауданының тұсына дейін шығарып салдық.
Осыдан кейін Қаратау қаласына жолым түсті. Өйткені алпыс жастың иесі Балтабай ағамыз «шүкірана» жасап, қызмет көрсеткен жігіттерге рахметін айтқан. Бір сөзінде «ертең Амантай кеп, әйелін Алматыға ап кетеді» деп қалды.
Содан арада бір аптадай уақыт өткен. Бір күні, мен ол кезде республикалық белгілі басылым «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі боп қызмет істеп жүргем, газетімді ашып қалсам бірінші бетте Әбеңнің мақаласы «айқайлап» тұр…
Оқиға былай бопты. Әбекең беті бері қарады-ау деген кезде жеңгем мен құдағиды жедел жәрдем машинасына салып Алматыға қарай кетіп бара жатпай ма. Ұзынағаштың тұсына жақындаған кезде МАИ қызметкерлері ала таяқтарын шошаңдатып жолдарын кес-кестейді. Әбекең «Не боп қалды? Жолды неге бөгейсіңдер? Біз апатқа ұшыраған жандарды әкеле жатырмыз. Ауруханаға жедел түрде жеткізуіміз керек» дейді.
Бірақ дәрігердің орнықты уәжіне «Бір дөкей келе жатыр» деген МАИ қызметкерлері пысқырмайды да. Содан «дөкей» өтіп кеткенше жедел жәрдем де, басқа көліктер де аптап ыстықтың астында амал жоқ иіріліп тұрады.
Әлгі «дөкей» он жерден жоғары лауазым иесі болса да жол полицейлері аурулар үшін жаны мұрнының ұшына кеп тұрған дәрігерді жолдан қалдрымау керек еді. Осыған шыдамаған Әбекең ертесіне ойы өткір, тілі ащы «Жас Алаш» газетінің редакциясының шаңырағынан бір-ақ шығып, ащу-ызасын ақтарып салады.
«Жас Алаштағы» өткір сын шыбын жандарын күйттеген шенеуніктерді біраз дүрліктірді. Ауылдағы ағайындар да үрпиісіп қалды.
Ағайындардың қаупі белгілі. Бәрінікі: «апырай, арқа сүйеріміз Амантай еді, мына қытымыр немелер қызметіне зиянын тигізіп жүрмесе неғылсын» дегенге саяды.
Мұндай қауіпті маған бір әңгіменің үстінде Мәмбет Күшікбаев та айтты. «Әй, осы мінездеріңді көрсетпесеңдер жүре алмайсыңдар ғой. Әбекең үндемей-ақ қоя салмады ма екен?» деген жұмсақ мінезді Мәкең жанашырлықпен.
Мен өз ойымды айттым. «Мен сын жазсам — ол менің кәсіби жұмысым, ал Әбекеңдікі жан ашуы. Бір басшы келе жатыр деп полицейлердің жолды бөгегені дұрыс емес. Кезінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыз да алдына шығып жолын «тазалағанды» ұнатпай, тиым салып отырған екен. Әлгі басшы да қанша мықты болса да сол абыздан әулие емес еді ғой» дедім.
Соның алдында ғана жазушы Геннадий Толмачевтің «Д. А. Қонаевпен кездескен 50 сәт» деген кітабын оқып шыққам. Димаш атамыз туралы әлгі эпизод есімде содан қалыпты.
Мәкең «абайласаңдаршы» деді де қойды. Мен бәрібір бой берер емеспін. «Әбекең өзі үшін емес, апатқа ұшыраған кісілер үшін шырылдады. Шамшыл шенеуніктер кімге шағынса да дәрігердікі дұрыс» дедім.
Ішімнен қатаңдау жүйеге бейім тәртіп иелері көкеме, не болмаса оңы мен солын енді тани бастаған балаларына қысастық жасап жүрмесе неғылсын деген қауіпті де ойлап қоямын…
Міне, мен осы кезде Әбекеңнің «мінезін» екінші рет танығам. Әбекем ашынған сәтінде жасқанып, бұғып қалмайды екен.

ІІІ.

Осыдан бастап Әбекеңді мақтаушылар тәмсілдерін «мінезі жібектей…» деп келетін жаттанды пайымдарын айта бастаса, іштей қасарыса қарсы боп отыратын болдым.
«Стиль дегеніміз — мінез». Демек, мінезсіз стиль де жоқ, тұлға да жоқ.
Әбекең менің бұл тұжырымдамамды тағы бірде басқа қырынан дәлелдеді. Бұл жолы да тойға кепті.
Әбекеңнің адамгершілігінің ауызбен айтып жеткізе алмайтын шыңы — кішіні «кіші» деп қомсынбайтындығында болса керек. Ағайын шақырса алыс та болса ат сабылтып кеп тұрады.

Сол келгенінде облыстық мәслихатқа кандидаттардың арасында қызу бәсеке боп жатқан. Мәслихатқа Тараздан түскен тарландардың ішінен Әбекенің бүйрегі бір інісіне бұрды. Інісімен сөйлесе келе, кандидаттың жолын кес-кестеушілердің бар екенін байқаған Әбекең Алматысына қайту керек екенін «ұмытып», сайлау науқанына тән үгіт-насихат жұмыстарына білекті сыбанып, кірісіп кетті.
Үлкенмін деп жұмысты жастарға ысыра салған да жоқ, Алматыдағы білдей бір аурухананың бас дәрігерімін деп қызметін желеулеткен де жоқ, өзі бас болып екі-үш жерде әңгіме-дүкен құрды. Екі-үш мекеменің басшысына кіріп шықты. Мен қасында жүргем. Облыстың білдей бір мекемесінің тізгінін ұстағалы шіреніп қалған шенеуніктер Әбекеңнің алдында тік тұрды. Әлгі інісі сол жолы бірінші турдан лып етіп өте шықты. Бірақ, «өзі жоқтың көзі жоқ», біздің кандидатымызды тобықтан қағу Әбекең Алматыға кеткеннен кейін басталды. Биліктегі «қиқарлар» мен «қитарлардан» қолдау таппаған Балабек екінші турдан емін-еркін өтіп кететін мүмкіндігі бола тұра, «өте алмай» қалды…

Осы жолғы таныстықты және ағаның сондағы ақ жайлау адал көңілін малданған болу керек, біраз уақыт өткеннен кейін інісі Алматыға біреудің насырға шапқан қиындау ісімен барады да Әбекеңнен әлгі іске араласуын өтінеді. Алдына ағалап келген інінің бетін қайтарып көрмеген Әбекең қолдан келгенше көмектеспек болады. Таразға қайтып келген соң әлі «батыр» Әбекеңе телефон шалады. Әбекең «жәй ма?» дейді. Інісі болса «әнеукүнгі өзіңізге айтқан шаруаны «контролировать» етіп қояйын деп ем» деп қойып қалады.

Әншейінде жаймашуақ, жайдары Әбекең сол сәт найзағайдый шарт ете қалады. «Әй, сен маған «бақылап қояйын» дейтін кімсің өзің, аһ»-тан басталған айқай біраз жерге барады.
Кейін маған бір жұмыспен келген інісі осы жәйді өкіне отырып айтып берді. «Ағамызды байқамай ашуландырып алдым» дейді күліп.
Түсінігі бар жігіт қой, әйтпесе аға алдында абайламай айтақан сөзінен «таяқ» жеп қалғанын өстіп ашып айтып, жіберіп алған кемшілігін мойындай ма?!. Осыдан кейін мен Әбекеңе өз тарапымнан берген «мінездемемнің» дұрыстығынга үшінші рет көз жеткізіп, мәз болдым.

ІV.

Мұны ауыл жақтың бір кісісі айтып беріп еді…
Басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл адамдары жағдайы кеп тұрса Алматыдағы Әбекеңнің ауруханасына тартады. Жолдама жаздыру, анализ тапсырып, оның қорытындысын алу, түрлі зертеханалардан өту үшін сарылып кезекке тұру дегенге, әрине, ауылдықтардың жүйкесі шыдамайды. Оның үстіне Алматыда Әбекеңі бар. Ол алыстан ат арытып келген ауылдастарының көңілі үшін бәрін өзі жасатып береді.
Бірақ кейде… Әбекеңді орнынан табу қиын. Алматы қалалық мәслихатының депутаты (4 мәрте!), бас дәрігер, оның үстіне қыруар қоғамдық жұмыстары бар Әбекең орнында отыра бермейді. Сондай кездердің бірінде ауылдан барған ағайын, олардың көбі әдетте ақ шашты, сары тісті қариялар боп келеді, Амантайдың орынын сипап қалады. Амал жоқ Әбекеңнің баласы Елжанның кеңсесінің есігін ашады.
Елжан — ХХІ ғасырдың кадры. Қаланың перзенті. Оған бәрі медициналық талап пен тәртіпке сай болуы керек. Сөздің қысқасы, Елжан кейде ауылдан келген ағайынға амал жоқ тәртіп бойынша қаралу керек деуге мәжбүр болады.
Алыстан ат сабылтып келген ағайын Елжан айтты екен деп тап-тұйнақтай бола қалайын демейді. Қасарысып Әбекеңді, яғни Амантайды күтеді. Әбекең келіп, мән-жайға қаныққаннан соң Елжанды шақырып алып әлгі алқам-салқам ағайынның алдында әбден ұялтады. «Балам екен, жас та болса бас болып, жауапты қызметте істеп жүр екен» деп, айылын жимайды.
«Біз адам болсақ — ауылмен, ағайынмен адамбыз, сондықтан кісілікті де, кішілікті де ең алдымен еліміздің түкпір-түкпірінен «балам» немесе «інім» деп келген ақсақал, қарасақалдар мен ақ жаулықты аналарға көрсет» деп әбден ашуланады.
Енді әлгі ағайынның өзі қипақтап, қозғалақтай бастайды. «Әбеке, бір ашуыңызды беріңіз, Елжан айналайындыкі де дұрыс қой, біз ғой бір құжатымыз дұрыс болса, бір құжатымыз кем боп жүретін…» деп бәйек боп, әкелі-балалы екі дәрігерді «ұрыстырып» қойғанына жердің тесігі болса кіріп кете жаздайды. Бұл менің Әбекеңнің керек кезінде мәрт, керек емес кезінде шарт та шұрт шар болаттай мінезіне қол қойған төртінші айғағым…

V.

Әлбетте, Әбекең мүмкіндігі болса ешкіммен «ищай» деспегенді қалайды. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан». Сыйластықта ініні «іні» деп, ағаны «аға» деп қадір тұтады. Ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың, әпкелер мен қарындастардың жөні мүлде бөлек.
Бірақ мінез көрсететін жерде төмен қарап, жер шұқып қалмайды. Сексеуілдің жігерін тасқа ұрғандай солқ еткізеді. Бұл менің есіме Махамбеттерді, Бауыржандарды, Нұрғисаларды, Шерхандарды салады.
Әбекең сегіз қырлы, бір сырлы болса болар, бірақ ол ең алдымен болаттай берік мінездің адамы. Егер Әбекең, Амантай Біртанов ағайым дәрігерлердің қолымен иеректете жазатын мәнерімен «дұрыс» деп қол қойса, менің көкеме берген «мінездемем» осы.
P.S. Жиырма жылдай бұрын жазылған осы мақаланы бүгін осында салам деп кім ойлаған. Бәрі Елжан Біртановтың басына түскен іске байланысты «сыртқа» шығып жатыр.
Амантай көке! Біреулер «әруақтар бар», екіншілер «жоқ» дейді. Мен «бар» дейтіндерге сенем. Өйткені ата-анам бала кезімнен құлағыма солай құйып қойған. Намаз оқыса да әруақтар жайлы айтып отыратын.
Егер әруақтардың мына жалған дүниедегі жамандықтарды білетіні, сезетіні, көретіні рас болса, онда қазір Сіздің әруағыңыз да мазасызданып жатқан шығар. Елжан ұлыңыз ақталып шығу керек. Өйткені Сіздің тәрбиеңізбен, Сіздің жолыңызбен өскен азамат дүниеқоңыздыққа бармайды.

Көсемәлі Сәттібайұлы