Елордалықтар рұқсат етілген митингіге шықты

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Митингіге шыққандар бір палаталы парламент құруды, екінші деңгейлі банктерде ипотеканы 6,5%-тен асырмауды талап етті

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында рұқсат етілген алғашқы митинг бейбіт түрде өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Шамамен 100-ден астам адам елордадағы Александр Пушкин және Шәкәрім Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысындағы шағын скверге жиналды. Олар билік халықтың әлеуметтік жағдайына мән беруі қажеттігін жеткізді.

«Бар шындықты айтамыз. Осыдан 11 күн бұрын арыз жазып, оны әкімшілікке бердім. Олар маған ережені түсіндірді. Бүгінгі митингіні тыныш, мәдени түрде өткізу үшін жауапкершілікті өз мойныма алдым. Сондықтан осы митингіде өзімізді толғандырып жүрген мәселелерді және бар шындықты айтайық. Бірақ адамның атына сөз келетін, ар-намысын тиіетін сөздерден аулақ болайық», — деді «Байтақ – Болашақ» экология қауымдастығының басшысы Азаматхан Әміртай.

Өз ойын білдіргісі келетін азаматтарға 4 минут уақыт білдірді. Жалпы бейбіт митинг 2 сағатқа созылды. Соңында Байтақ – Болашақ» экология қауымдастығының өкілдері өз резолюцияларын қабылдады. Онда билікке 22 талап қойылған. Соның маңыздыларына тоқталсақ:

  • 1993 жылғы Қазақстан конституциясын негізге ала отырып, халық комиссиясын құру туралы және конституциялық реформа жасауға ұсыныс жасау;
  • Жаңа конституцияда жер, жер қойнауы, ресурстар халық меншігі болып жариялансын және әрбір азамат шикізат пен басқа да тауарларды сатудан үлес ретінде өз табысын алуы тиіс;
  • Кез келген маңызды мемлекеттік проблема бүкілхалықтық референдум, оның ішінде географиялық атаулардың, қалалардың, астананың және т.б. атауларын қайта қарау арқылы халықтың ерік-жігерімен шешілуі;
  • Саяси партиялар, бейбіт митингілер және шерулер, референдум, сайлау жайлы, сонымен қатар саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар және үкіметтік емес ұйымдар құру заңнамаларына өзгерістер енгізу;
  • Бір палаталы парламент құру. Өйткені әлемде екі палаталы парламент федеративті құрамы бар мемлекеттерде құрылады. Парламентке партиялық тізіммен емес, сондай-ақ бір мандатты және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін де қабылдау;
  •  Барлық екінші деңгейлі банктерде ипотекалық проценттердің 6,5%-тен аспайтын етіп белгілеу;
  • Халықтың әлеуметтік осал санаттарының жалғыз баспанасына ипотекалық кредиттерін есептен шығару.

Сонымен қатар Болатбек Біләлов есімді белсенді Арыстағы жарылысты ұлттық аза тұту ретінде белгілеп, Астана күнін дүркіретіп тойламау қажеттігін атап өтті.

Митингіден соң, азаматтар резолюцияға қол қойды.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев рұқсат етілген митингтің бейбіт өткенін жеткізді.

«Әкімшіліктен рұқсат алдыңыздар. Митингіні өткіздіңіздер. Барлығы заң аясында өтті. Митингінің арасында полиция қызметкерлері болған жоқ. Мені қосқанда, митингіні 6 полицей бақылады», — деді полиция қызметкері.



sputniknews.kz