Елордалықтар 14 қарашада жалпыхалықтық диктант жазуға қатысады

0

Осыған орай, Елордада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 14 қарашада сағат 11:00-де бас қаланың барлық жоғарғы және орта  арнаулы оқу орындарының, мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердің оқушылары, студенттері, ұстаздары, сонымен қатар мәдениет, спорт, медицина, коммуналдық шаруашылық, энергетика және басқа да салалардың қызметкерлері жаппай диктант жазатын болады.  Диктант латын графикасында жазылады. 

Шараға жасы 15-тен асқан барлық азаматтар қатысады. Жалпыхалықтық диктантқа Астана қаласынан 50 000 адамның қатысуы жоспарланған. Диктант бір күнде, бір мезетте жазылады. Қазіргі уақытта диктант жазу туралы алдын ала ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп, дидактикалық материалдар (Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі, арнайы парақтар) таратылуда.

Бекітілген диктант мәтіні (80-90 сөз) аудиожазбалар арқылы таратылып,  «Шалқар», «Қазақ» радиоларынан беріледі. Ұзақтығы 30 минутқа созылады. Диктант жазу арнайы белгіленген орындарда жүргізіледі.

Арнайы белгіленген орындарға келіп қатыса алмайтын тұлғалар үшін диктантты негізгі ұйымдастырушылар берген emle.kz, tilalemi.kz сайттарының басты бетінде орналасқан сілтемемен  компьютер немесе ұялы телефон (смартфон) арқылы кіріп, белгіленген уақытта диктант аудиосын тыңдай отырып жазуға мүмкіндік жасалған.

Мұндай тұлғалар диктантты сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы tilalemi.kz@gmail.com электрондық поштасына жолдауы қажет. Сондай-ақ, диктант аяқталған соң аталған сайтта диктанттың дұрыс нұсқасы мен диктантты бағалау өлшемшарттары шығады. Әрбір пайдаланушы жұмысын дұрыс нұсқамен салыстыра отырып, өлшемшарттарға сәйкес өзін-өзі бағалайды.