Елордалық сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев пен оның отбасы жайлы не белгілі? — Қазақстан жаңалықтары

0

Елорданың сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің назарына ілінген болатын. Жемқорлыққа қарсы комитеттің назарына судья жалдаған жеке ұшақ түскен көрінеді. Десек те тексеріс нәтижесінде ұшақты оның кәсіпкер қайың атасы жалдағаны белгілі болыпты. Нұр-Сұлтанның коронавирус жұқтырған бас судьясы жайлы не белгілі? Stan.kz редакциясы дайындаған материалдан оқи аласыздар.

Тілектес Бәрпібаев

Тілектес Бәрпібаев 1960 жылғы 24 қазанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қастек ауылында дүниеге келген.

1981-1986 жылдары С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алды.

Мамандығы бойынша еңбек жолын 1986-1987 жылдары Қаскелең қаласындағы ІІБ инспекторы болып бастады.

1987-1990 жылдары Жамбыл аудандық ІІБ тергеушісі.

1992-1995 жылдары Жамбыл аудандық сотының судьясы.

1995-1999 жылдары Жамбыл аудандық сотының төрағасы.

1999-2002 жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы.

2002-2003 жылдары Алматы қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

2003-2007 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы.

2007-2012 жылдары Алматы қалалық сотының төрағасы.

2012-2013 жылдары Алматы облыстық сотының төрағасы.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы  № 710 Жарлығымен Астана қалалық сотының төрағасы болып тағайындалды.

«Құрмет» ордені (2012), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) мерейтой медальдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен (2001) марапатталған.

Осы орайда елордалық бас судьяның «Заң» газетіне берген сұқбатынан үзінді келтіре кетсек. 

«Қоғамның өзі жағымды дүниеден гөрі, кемшілікті көрсетуге, қателікті жария етуге құштар. Ал, елдің мүддесіне қызмет ететіндер сол сыннан сабақ алып, кемшілікті түзеуі, саланы жандандыруы маңызды. Судья деген әділдіктің жаршысы. Қазының қызметі қаншалықты биік, мәртебелі болса, жауаптылығы да содан бір мысқал кем емес. Судья болдың ба, сен мемлекеттегі тазалықтың, әділдіктің кепілі екеніңді терең сезінуге тиіссің. Судья болам деген адам осының бәрін екшеп, қызметтің қиындығына тәуекел етіп келуі керек», — дейді Бәрпібаев.

Тағы бір сөзінде әділдік жаршысы судьяның қателікке бой алдыруға болмайтындығын атап өтеді.

«Судьяның қателесуге ешқандай қақысы жоқ. Қазының үстірт жұмысы бірнеше тағдырдың бүлінуіне әкелуі мүмкін. Ал, мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам деп бағаланатын біздің еліміз үшін бұл үлкен кемшілік. Сондықтан, әрбір судья істі жүрегінен өткізіп, заң мен арды басшылыққа ала отырып шешім қабылдауға күш салғаны жөн. Бұрын біреуге ақтау үкімін шығару деген ерлікпен пара-пар еді», — дейді ол. 

Айта кетерлік жайт, елорданың сот төрағасы Тілектес Бәрпібаевтың жұбайы Басқанбаева Айман Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы. Сондай-ақ Басқанбаева Айманның әпкесі Басқанбаева Сәуле де оның әріптесі көрінеді. 

 

stan.kz