Елордалық екі полицейдің есірткі қылмысымен айналысқаны анықталды — Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласында есірткі сатумен айналысқан полиция қызметкерлеріне сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«2018 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Есірткіге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары М. Кантуриннің және тергеу басқармасының тергеушісі М.Әзімханның (салмағы 658 грамм) есірткі сатумен айналысқан заңсыз іс-әрекеті және лауазымын асыра пайдаланғанын анықтады. Қылмыстың жолы кесілді», — деп жазылған хабарламада.
2019 жылғы 29 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен М. Кантурин және М.Әзімхан ҚР Қылмыстық кодексі бойынша айыпты деп танылды. Олар 10 жылға және 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік қызмет атқаруы құқығынан айырылды. Жазасын қатаң және орта тәртіптегі мекемеде өтейді.
stan.kz