Елордалық дәрігерлерге берілген сыйақының мөлшері жарияланды

0
11

Президенттің тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтанда 1 469 маманға 150 миллион теңге көлемінде наурыздың сыйақысы берілді

НҰР-СҰЛТАН, 8 сәуір – Sputnik. Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавируспен күресіп жатқан медицина мамандарына сыйақы берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқи отырыңыз: Қытай Қазақстанға дәрігерлерін жіберіп жатыр

Басқарма басшысы Сәуле Қисықованың айтуынша, президенттің тапсырмасы бойынша 1 469 маманға наурыздың сыйақысы берілді. Олардың ішінде 163 дәрігер, 683 – орта деңгейдегі медицина қызметкері және 623 кіші медицина қызметкер бар. Сыйақының жалпы сомасы 150 миллион теңгені құрайды.

«Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасы бойынша «Biz birgemiz» қорынан коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина мамандарын ынталандыруға қосымша қаражат бөлінген болатын. Қаржының сомасы – 25 миллион теңге», – деді Қисықова бүгінгі онлайн брифингте.

Айта кетейік, «Birgemiz» қоры осы уақытқа дейін түскен ақшаның сомасын жариялаған болатын. 7 сәуірдегі мәлімет бойынша есепшотқа 14 173 597 475 теңге түскен. Ал қордың шығыстары 8 259 750 000 теңгені құрады. Соның ішінде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавируспен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне арналған төлемдер де бар. Кеше медициналық мекемелердің шоттарына 105 600 000 теңге жіберілді.



sputniknews.kz