Елордаға келетін газ бағасы қанша болады
2018 жылғы 11 желтоқсан 17:34 50
АСТАНА. ҚазАқпарат — Алдағы жылы «Сарыарқа» газ құбырының магистралі арқылы Астанаға келетін көгілдір отынның орташа бағасы белгілі болды. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әрине газ көмірге қарағанда қымбаттау болады. Қазіргі газ тұтынушылар нарығының бағасымен есептесек, газдың әр текше метрі 47-50 теңге болады. Салыстырар болсақ, бүгінде еліміздің оңтүстік өңірінде газдың әр текше метрі 33-35 теңгені құрайды. Демек, Астанада газ қымбатқа түседі. Елімізді газдандыру жұмысының нәтижесі көрсеткендей, тұрғындар көмірден газға ешқандай кедергісіз көшуде. Статистикаға сүйенсек, бір үйді газға қосу жұмысына 150 мың мен 500 мың теңге аралығында жұмсалады», — деді М.Мырзағалиев.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, 2019 жылдың І тоқсанында елордаға газ тартатын ЖЭО-1 және ЖЭО-2 кешендерінің құрылысы басталады. Ол бойынша алдымен Астананың Көктал және Оңтүстік-шығыс шағын аудандары көгілдір отынмен қамтылатын болады.
«Жылу беру маусымы бойынша есептесек, жеке тұрғын үй үшін ай сайын 520 текше метр газ қажет, яғни ол айына 25 мың теңгені құрайды. Ал жаз мезгілдерінде жылусыз 5,5 мың теңгеге бағаланады. Жалпы орташа есеппен алсақ, ай сайын жеке тұрғын үй үшін газдың бағасы 15,5 мың теңгеге шығады», — деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана қалаларынан бөлек, магистраль бойында орналасқан 117 елді мекенді көгілдір отынмен қамтитын болады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz