Елордадағы жол апаты: Көз жұмған автобус жүргізуші жақында қайтыс болған әкесінің қырқына дайындалып жүрген — Қазақстан жаңалықтары
Осы аптаның тағы бір қабырға қайыстырған жаңалығы — Астанадағы автобус апаты. Екі адамның өмірін жалмап, тағы бірнешеуін мүгедек етті. Бірақ, одан бері бірнеше күн өтседағы, аварияның себебі жайлы құзырлы орган өкілдері әзірге тіс жармады.
Фото: Нұр-Сұлтан әкімдігі сайтынан
Есесіне, сұмдық оқиғадан кейін естерін жиған куәгерлердің алды алғашқы ой-пікірлерімен бөлісті. деп хабарлайды Евразия.
Автобуста болғандардың сөздеріне сенсек, мерт болған көлік тізгіншісі Абай Оспановтың жол үстінде денсаулығы сыр берген секілді. Өйткені, соқтығыс кезінде не тежегішті басуға ұмтылмаған! Тіпті, қоғамдық көлік іші «шу» ете қалғанда ешқандай реакция көрсетпеген! Олжас Сайлаубекұлы оқиға орнынан оқиға желісін баяндасын!
«Уақыт деген құм, өмір су, сөз жел секілді». 26-дағы Айзат Нұрекенованың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған жазба бұл. Елордада жұмыс істеп жүрген қыз желіге соңғы рет сейсенбі күні таңғы 7-де кірген. Екі сағаттан кейін болатын жағдай елді елең еткізерін сезбеген де…
Іште болғандары, осы маңда өтіп бара жатқандар ұялы телефонын алып, оқиға туралы түсіріп әлек.
301-ші бағыттағы автобустің тізгінінде 53-тегі Абай Оспанов болған. 40 күн бұрын өз әкесін жерлеген. Ас беруге дайындалып жүріпті. Енді міне өзі де қапыда көз жұмды. 4 баланың әкесі, Чернобыль апатының салдарымен күрескендердің бірі. Елордадағы қоғамдық ұйымның белсенді мүшесі болған. Ондағылар апатқа денсаулық жағдайы әсер етті ме деп отыр.
«Бала-шағасын асыраймын деп осылай, 3-топтағы мүгедек болса да жұмыс істеп жүрді автобустың шопыры болып. Мен ойлап отырмын, денсаулығы зор әсер берді ме деп келе жатқанда, рульде. Түсінесіз бе. Ол денсаулығы сыр берген шығар. Оны экспертиза шешеді ғой», — дейді қалалық «Союз Чернобыль» ҚБ төрағасы Қуандық Омарбаев.
«Мен жолға қарап тұрдым. Ол уже тормоз басып, тоқтаудың орнына ол кісі қатты битіп жүріп келіп, уже соғады деп, шыңғырып, айқайладық бәріміз. Сол кезде соқты келіп», — дейді зардап шегуші қыз Самал Әбділдәқызы.
stan.kz