Елордадағы LRT-ның ендігі тағдыры не болады?
Құрылысты 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқтау жоспарланған. Ал жоба осы жылдың жазында іске қосылуы тиіс болатын
НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Елордада жеңіл рельсті көлік құрылысының екінші кезегі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Бұл туралы астананың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«LRT-ның екінші кезегі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Дайын болғаннан кейін мемлекеттік сараптамаға жолданады. Егер сараптама оң қорытындысын берсе, құрылыс жалғасады», -деді ол ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатынан кейін.
Айтуынша, сараптама жеңіл рельсті көліктің құрылысын әрі қарай жалғастыру қажет пе, жоқ па соны анықтайды.
«Сараптама қорытындысын ешкім құпия ұстамайды деп ойлаймын», — деді Ұранқаев.
LRТ төңірегіндегі дау
Былтыр жазда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көліктің құрылысын сынға алды. Президент LRТ өзін-өзі ақтайтынына сенбейтінін жеткізген еді.
Құрылысты 2019 жылдың 31 желтоқсанында аяқтау жоспарланған, ал жоба осы жылдың жазында іске қосылуы тиіс болатын. Алайда сәуір айында қаржыландыруға байланысты құрылыс уақытша тоқтап қалды.
Тағы оқыңыз: Алматыда LRT құрылысы бастала ма – әкімнің жауабы
Кейін жеңіл рельсті көлікті салу кезінде миллиардтаған ақша жымқырылғаны анықталды. Қылмыстық схеманы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Астана LRT компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан қазақстандық және шетелдік компаниялардың көмегімен ұйымдастырған.
Қазір оларға халықаралық іздеу жарияланды.
sputniknews.kz