Елордада санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендерінің басшылары жауапкершілікке тартылды — Қазақстан жаңалықтары

0

Елордада полиция мен әкімдік қызметкерлері, еріктілер бірлесіп азық-түлік дүкендері басшыларының санитарлық нормаларды сақтауын қадағалау бойынша рейдтер жүргізіп жатыр.

Бірқатар басшыларға маскалардың, санитайзерлердің болмауына байланысты, карантин кезінде тыйым салынған қызметті жүзеге асырғаны үшін ескерту беріліп, айыппұл салынды. 22-29 наурыз аралығында 100-ден астам кәсіпкер жауапкершілікке тартылды: 98 адамға айыппұл салынса, 5 адам 15 тәулікке қамауға алынды, тағы 9 іс сотта қарастырылып жатыр.

Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев хабарлағандай, шағын және орта бизнес, ірі сауда желілері өкілдерінің басым бөлігі санитарлық нормалар мен карантин ережелерін ұстанып жатыр.

«Бұл бізді қуантады, бірақ заңбұзушыларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр». Естеріңізге сала кетейік, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап, бірқатар қосымша қатаң шаралар бекітілді:

1. Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;

2. Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);

3. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа); Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу. 30 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін автобустар жүрмейді. Дәрігерлер, полиция қызметкерлері және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететіндерден басқасы апта бойы жұмыс істемейді. Елорда әкімдігі коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлері үшін қонақ үйлер, көлік бөліп, тамақ ұйымдастырды. Емханалар мен ауруханаларда жұмыс істейтін дәрігерлер үшін де көлік ұйымдастырылған. Көлікті CTS компаниясы ұсынды.

 

stan.kz