Елордада гүл дүкені ашылды. Жұрттың жиналуына себепші болғандарды полиция алып кетті (видео)

0
1778
Коллаж: Stan.kz

Нұр-Сұлтанда жаңадан гүл сататын дүкеннің ашылуына орай ұйымдастырылған ұтыс халықтың жаппай жиналып, жолдағы ұзын-сонар кептеліске ұласты. Іс-шараны ұйымдастырушылар полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Есіл аудандық әкімдігі мен полиция мамандарынан құралған мониторингтік топ 2000-нан астам адамның қатысуымен өткен іс-шарада Нұр-Сұлтан қаласының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысын бұзу фактісін анықтады. Ұйымдастырушылар не болып жатқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Шектеу шаралары нақты бұзылғандықтан арада бір сағат өткен соң шара тоқтатылды.

«Үйлестіру орталығының ақпараты (шұғыл хабарлама) негізінде Есіл аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында заң бұзушылық фактісі расталып, кәсіпкерлік субъектісіне Қазақстан Республиканың Әкімшілік кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қолдану үшін 8 ақпанда кеңсеге келуге шақыру қағазы тапсырылды», – деді қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері. 

Қазіргі таңда халықтың жаппай жиналуына түрткі болған дүкен басшылығы полиция бөліміне жеткізілді.