ЕЛОРДАДА ЕКІ ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ | «Айқын» газеті

0

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының қолдауымен елордада мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа спорт орталықтары пайда болады. Осы бас­таманы жүзеге асыру аясында Аста­надағы паралимпиадалық орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша елорда әкімдігі мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікпен келісімшартқа қол қойылды.
Аталған келісімшарттың соммасы 3,2 млрд теңгені құрайды. Мерзімі 10 жылға дейін. Бүгінгі таңда Астана қа­ла­сында 24 мың мүмкіндігі шектеулі жан­ тұрады. Оның 4,5 мыңы – балалар. Олардың жартысы – І және ІІ топ мү­гедектері. Алайда тек 500-ге жуығы ғана арнайы спорт клубтарына тіркелген.
– Бүгінгі келісімге байланысты жүзеге асқан әлеуметтік жоба «Нұр Отан» пар­тиясы Астана қалалық филиалының қол­дауымен іске асып отыр. Бұл –Қазақстан бойынша ең ірі алғашқы жоба. Алдағы уақытта бұл игі жобамыз барлық өңір­лерді қамтиды деген ойдамын, – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филалы төрағасының бірінші орын­басары Бақыт Сапаров.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімі бойынша 2 орталық жалға бе­рі­леді. Олар – паралимпиадалық кешен мен «Тарлан» мұз айдыны. Жалға беру ақысы қала бюджетінен толық төленеді. Екі нысан толығымен мүгедек жандарға арналып оңтайландырылған.
Тиісті меморандумға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Кас­пий» спортты дамыту қорының прези­денті Қазбек Қапанов пен Астананың қалалық ортаны регенерациялау басқар­ма­сының басшысы Ғали Исқалиев қол қойды.
– Астана әкімдігінің қолдауының арқасында бұл орталықтың 2019 жылдың 1 қаңтарында «Мүмкіндігі шектеулі аза­маттар үшін паралимпиадалық жат­тық­тыру орталығы мен «Тарлан» мұз арена­сы­ның қызметін ұйымдастыру» жо­­ба­сы­ның шеңберінде қаланың барлық мүге­дек жандарын қарсы алуға бүгін толық­тай дайын екендігін ауыз толтырып айта аламыз, – деді Ұлттық паралимпия комитетінің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов.
Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, жоба ұйымдастырушылары спорттық жатты­ғулардың астаналық мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың жартысынан көбінің арасында сұранысқа ие болады деп күтеді.
Паралимпиадалық жаттықтыру орта­лы­ғының күніне 780 адамды қабылдайтын қауқары бар. «Тарлан» мұз аренасы мүм­кін­дігі шектеулі адамдар үшін келер жыл­дың шілдесіне қарай бейімдендіріледі деп жоспарланып отыр.
Паралимпиадалық жаттықтыру орта­лығы елордада өз жұмысын осы жылы бастады. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол тек паралимпия спортшылары үшін ғана емес, денешынықтырумен, спортпен айналысқысы келетін барлық мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де ашық болады.

Берік ХАСЕНОВ

Дереккөз: Айқын