Елордада бос тұрақ орындарын іздеуге арналған мобильді қосымша дайындалды
2018 жылғы 5 желтоқсан 22:54 10
АСТАНА. ҚазАқпарат — Елордада бос тұрақ орындарын іздеуге арналған мобильді қосымша дайындалды. Қызметтің орташа құны 55 теңге, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
TuraQshare мобильді қосымшасын Астана тұрғындары әзірледі. Ол тұрғын үй кешендеріндегі бос тұрақ орындарын жалға алуға көмектеседі.
«Astana Hub» IT-стартап халықаралық орталығында мобильді қосымшаны әзірлеушілер «Бизнестін жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік грантқа ие болды. «Мысалы, азаматтар тұрғын үй кешендеріндегі бос тұрған немесе иесіне әзірге қажеті жоқ көлік тұрағын біздің мобильді қосымша арқылы екінші адамға жалға бере алады. Қазіргі кезде TuraQshare қосымшаның Android нұсқасына біз 16 тұрғын үй кешенін енгіздік, онда жалпы қосқанда 2 мыңға жуық тұрақ орны бар. Біздің ойымызша әр бесінші тұрақ иесі өзіне тиесілі тұрақ орнын жалға бергісі келеді, бере алады да», — деді жоба авторларының бірі Әнуар Байтулақов.
Қызметтің орташа құны — 55 теңге.
«Бізде нақты тариф белгіленген. Адам орынды бір аптаға немесе бір айға, бірнеше сағатқа алуы мүмкін. Бір айда 15 мың теңге, ал 1 сағатқа — 150 теңге төлейсіз. Ал бірінші сағаттан кейінгі уақытта төлейтін төлемдеріңіздің мөлшері азая береді. Орта есеппен әр сағат үшін 55 теңге төлеу керек. Өз тарапымыздан тұрақ орнын, сақтық шараларын қамтамасыз етеміз», — дейді ол.
Қазіргі таңда қосымша Android-та бета-версияда тесттік жүйеде жұмыс істеуде. Қосымша iPhone қолданушылар үшін 1 қаңтардан бастап қолжетімді болады.