Елордада балаларды балабақшаға жібермеуге кеңес берілді — Қазақстан жаңалықтары
Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы ата-аналарға мүмкіндігінше балаларды балабақшаға жібермеуге шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылдың 11 наурызында коронавирусты пандемия деп жариялады. Қазақстан Республикасының аумағында коронавирусты болдырмау және таратпау мақсатында ҚР Үкіметі жанындағы комиссия алдын алу шараларын күшейтуде. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласындағы орта білім беру мекемелерінде (мемлекеттік және жеке меншік мектептер) вирустың алдын алу мақсатында 2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуіріне дейін оқушыларға демалыс жарияланды. Қосымша білім беру ұйымдары да (үйірмелер) демалыс уақытында жұмысын тоқтатады. Осы уақыт ішінде колледж студенттері қашықтықтан оқытылатын болады», — делінген ресми хабарламада.
Басқарма өкілдері балабақшалар өз жұмыстарын тоқтатпайтынын атап кетті. Дегенмен соның өзінде балаларды балабақшаға жібермеуге кеңес берді.
«Балабақшалар жұмыс істейді. Ата-аналарға мүмкіндік болса балаларды үйде қалдыруға кеңес береміз. Құрметті ата-аналар, сақтық шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз!» — деп қосты басқармадағылар.
Еске салайық, бұған дейін коронавирусқа байланысты мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығатыны жайлы айтылған еді. Өз кезегінде вице-премьер Ералы Тоғжанов балабақшалар өз жұмысын жалғастыранын алға тартты.
stan.kz