Елорда тұрғыны автобуста тұрып қабырғасын сындырған — Қазақстан жаңалықтары

0

Нұр-Сұлтандағы автобустардың бірінде оқыс оқиға орын алды. Ығы-жығы толған қоғамдық көлікте елорда тұрғыны қабырғасын сындырыпты. Сөзінше, бұл жағдай адамдардың бірін-бірі итере бастауынан болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап. 

әйел

Әлия Исабекова есімді Нұр-Сұлтан тұрғыны күн сайын жұмысына дейін 102 нөмірлі автобуспен қатынайды екен. Ал қарбалас уақыттарында автобусқа кіретін адамдардың санын тіпті айту мүмкін емес дейді ол. Осындай жайттардың арты жарақат алуға бір-ақ соғатын кім білген деп қосты елордалық тұрғын. 

«Керуен ситиге жете бергенде Тұран аялдамасында автобустағы адамның саны күрт артып кетті. Есікке қарай бет алғанымда мені біреулер қатты итере бастады. Осы сәтте бір денемнен қыр еткен дауыс естідім. Жеңіл жарақат шығар деп ойладым», — дейді зардап шеккен әйел Әлия Исабекова. 

Қазіргі таңда дәрігерлер Әлияға арнайы фиксатор кигізіпті. Айтуларынша, оның алдағы уақытта жазылып шығуы үшін біраз уақыт кетеді. Емделген соң келтірілген зиянды өндіріп аламын деген әйелдің сөзімен автобус паркінің басшылығы келіспейтін секілді. 

«Мұндай жағдайда 103, 103 нөмірлеріне телефон соғып, сол мезетте оқиғанын мән-жайын шешіп алу керек. Егер жолаушы ол кезде шағымданбаса, бірнәрсені дәлелдеу қиынға соғады. Біз қайдан білеміз, мүмкін, ол жарақатты қоғамдық көліктен шыққанан кейін алған шығар?» — деді Нұр-Сұлтандағы автобус паркінің қозғалыс қауіпсіздігінің инженері Есенбек Мұсабеков. 

Десек те заңгерлер жолаушының айтқанын дәлелдеу қиын емес деп отыр. Егер транспорттық ұйым шығынды өтеуден бас тартып отырса, бірден полицияға арыз түсіру керек екен.

«Автопарктің басшысына шағымданып бару керек. Өз арызында азаматша зардап шығынын өтелуі керектігін көрсеткені шарт. Егер автобус паркінің өкілдері келіспесе, сот арқылы шешуге тура келеді», — деді заңгер Аржан Садуақасов. 

Жапа шеккен әйел алған бетімнен қайтпаймын деп отыр. Әлияның бұл бастамасын оның достары мен жақындары қолдайтынын жеткізіпті.  

 

stan.kz