Елорда емханаларында тіркеу науқаны аяқталды

0

Науқан кезінде Алматы қаласының, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының, Қарағанды және Алматы облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының тұрғындары белсенділік танытқан. Кампания нәтижесі бұл бастаманың Астана, Алматы секілді ірі қалалар үшін ғана емес, аймақтар үшін де маңызды екенін  көрсетті.  

Қазіргі уақытта емхананың тіркеу бөлімдері арқылы тіркелу тоқтатылды. Науқанға қатысқан қазақстандықтардың басым бөлігі емханаға өздері барып тіркелсе, 13,5 мыңға жуығы онлайн қызметті таңдаған (egov.kz порталы арқылы).

МСҚ Астана филиалы директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін Астана қаласы бойынша емханаға тіркеу науқаны кезінде 40248 азамат тіркелген, олардың ішінде Egov.kz порталы арқылы тіркелгендер де бар. Сондай-ақ 26487 тұрғын  медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымы мен маманды еркін таңдау құқығын пайдаланған. Ал науқан аясында тіркелген 13668 адам – тұрақты немесе уақытша мекен-жайы, жұмысы, оқу орны өзгеруіне байланысты емханаларын ауыстырған тұлғалар. Науқан шеңберінде емханаларға тіркелген азаматтарға 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет көрсетіледі. Азаматтар тікелей жүгінсе, оларды МСАК ұйымдарына бекіткен кезде бұрын бекітілген МСАК ұйымдарынан есептен шығару «Бекітілген халық тіркелімі» порталының дерекқоры арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.

Биылғы тіркеу науқанына 31 емдеу мекемесі қатысты. Тіркелгендер саны бойынша Астана қаласындағы № 6, 10 және 4 емханалар алдыңғы үштікте.

Жалпы, тіркеу науқаны – емхана ауыстырудың жалғыз жолы емес. Қазақстандықтардың жылына бір рет емхана ауыстыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауысуға болады.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-мен келісімшартқа отырған медицина ұйымдарының толық тізімін Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтынан табуға болады. Олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде халыққа қызмет көрсетпек.