Елорда – егемендіктің тірегі

0

Шын мәнінде азатты­ғы­мыз­дың алтын тәжіндей жарқы­раған ару Астана бүгінде ин­фра­құ­рылымы дамыған, мәдени ошақ­та­ры көп, қалалық қызмет көр­сетуі тұр­ғын­дар мен қонақ­тар үшін қолайлы, ел эко­но­микасының бас қай­нары ретінде әлем­нің үздік қала­ларының біріне айналды.

Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев әр сөзінде Астана тек еліміздің бас шаһары емес, экономика локомотиві, рес­­пуб­ликалық бюджеттің негізгі доноры екенін үнемі айтып отырады.

Ең алдымен Астананың – Еуразия құр­лығының кін­дігінде орналасуы қаланың эко­но­микалық тұрғыдан тиімді дамуы­на, оның көлік, қатынас және ло­гистика орталығына айналуы­на кең жол ашты. Одан бө­лек тәуелсіздік жылдарында елімізде өткен түрлі халық­аралық іс-шаралар да Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. 

Мемлекетіміздің атын әлемге паш еткен халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бары­сында Президент «Бүгінде Ас­танада шетелдік 2700 компания жұмыс істейді. Олар қала экономикасына 3,2 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып отыр», деген болатын. Сәйкесінше, қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвестор үшін де қолайлы болып отыр. 

Сондай-ақ бас шаһардың ірі бизнес орталығының біріне айналуы экономикалық тұрғы­дан жайлы ахуал қалыптастыру­да. Елордада кәсіпкерлік жаңа­шыл көзқарастар дамып келе жатқаны анық байқалуда. Айта­лық, Астанада 128 мың­нан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұ­мыс істейтінінің өзі көп жайтты аңғартады. 

Бүгінде Астанамыздың экономи­калық әлеуеті еселеп артып, донор қалаға айналды. Мұны былтыр қа­ланың экс-әкімі Әсет Исекешев атап көрсетті. «20 жыл бойы бюджет Ас­та­наға шын мәнінде 2,3 триллион көле­мінде үлкен ақша инвес­тиция­лады. Бірақ қазірдің өзінде Астана салық­­тарының өзі 6 трлн теңге көле­мін­­де қай­тарылды, яғни алғашқы со­ма­­­­ны 2,5 есе өтеді», деген бо­ла­тын Ә.Исекешев. Оның ай­туын­ша, ело­р­да­­лық капитал жыл сайын республика­­­лық қазынаға 750 млрд теңге аударады. 

Қала экономикасының не­гізі – сауда, өнеркәсіп өнді­рісі, көлік, байланыс және құ­ры­лыс салалары. Шаһар­дың өнеркәсіп өндірісі негізі­нен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегі­не шоғырландырылғанын ай­та кеткеніміз жөн. Астана Қазақ­­станда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалану­ға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен бүгінде алдыңғы орынды иеленеді.

Қаланың ірі кәсіпорын­дары қатарында вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» кон­цернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құ­растыру зауытын, «Еуро­коптер Казахстан инжини­ринг» ЖШС тікұшақ құрас­тыру зауытын айтуға болады.

Бүгінде елордадағы халық саны 1 миллионнан асқаны белгілі. Астананы одан әрі қарқынды дамыту барысында урбанизация үрдісін ескерсек, Елбасы айтқандай, 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны тағы 1 миллион адамға өсуі мүмкін. Бұл қала үнемі жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ел-жұртты еңбекпен, тұрғын үймен қамтамасыз ету міндетін алға қояды. 

Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елімізде көш бастап тұр. Астана мәрте­бесін алға­лы бері қалада миллион­да­ған шаршы метр тұрғын үй салынып, Астана құрылы­сы­на жүздеген отандық және шетелдік құрылыс компаниялары қатысқан. Алдағы жоспар аясында 2023 жылға дейін Астанада 9,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 500 мың адамға арналған 156 мың пәтер берілмек. 2027 жылға дейін 800 мың адамға арналған 16 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтілуде. 

Қысқаша айтқанда, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті­нің идеясымен іргесі қалан­ған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәр­тебесіне ие болып, жас мемлекет тәуелсіздігінің символына және еліміздің зор табыс көзіне айналып отыр. 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/