Еліміздегі ең жас көпбалалы анаға баспана берілді. Жаңалықтарға шолу

0

Коммуналдық қызмет ақысының төмендеуінен қазақстандықтар 40 млрд теңге үнемдейді

ҚР Ұлттық экономика министрлігінен хабарлағандай, электрмен жабдықтау тарифтерінен (14,5 млрд теңге) көп үнемделеді екен. Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері орта есеппен 8%-ға тұскен. Оның ішінде тарифтер жылумен қамтамасыз ету саласында – 10 %-ға, газбен жабдықтауда – 6-7%-ға, электрмен жабдықтауда – 8%-ға төмендеген.

Еліміздегі ең жас көпбалалы анаға баспана берілді

23 қаңтар күні болған жастар жылының ашылу салтанатында Елбасының алдында ең жас көпалалы ана ретінде Ж.Тұрғынова сөз сөйлеген болатын. Бұдан кейін әлеуметтік желілерде 7 балалы жас отбасының Шымкент іргесіндегі елді-мекендердің бірінде пәтер жалдап тұратыны туралы жазылды. Бүгін облыс әкімі Ж.Түймебаев көп балалы отбасын қабылдап, өз қолынан пәтер кілтін берді.

Төрт бөлмелі пәтер Ленгер қаласынан берілген. Әкімдік оның жолдасы Олжас Әбілдабековтың арнайы оқыту курсынан өтіп, жұмысқа орналасуына көмектеспекші.

Әуежайдан сөмкесіне адам салып өтпекші болған алматылық үш тәулікке қамалды

Алматы қалалық соты таратқан мәліметке сәйкес, оның қасындағы екі қатысушыға қатысты іс қылмыстың болмауына байланысты тоқтатылыпты. Алматы әуежайында болған келеңсіз жағдайға қатысты жауап берген сөзінде олар қауіпсіздік қызметінің дайындығын тексермекші болдық депті.

Атырау облысында екпеден кейін 16 жасар бойжеткеннің жағдайы нашарлаған

Дәрігерлер мұндай жағдай бұрын болмағанын айтады. Құрманғазы ауданында 220 жасөспірімге екпе салынған. Олардың бірде біреуінде асқыну болмапты. Қазір оқушының денсаулық жағдайына қауіп төніп тұрған жоқ. Жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді дәрігерлер. Екпенің не себепті бұлай әсер бергені әлі анықталмаған.

Денсаулық туралы жаңа кодексте шылым шегуге тыйым салынбақшы

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа кодексте қоғамдық орындарда (оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клубтар, әуежай, вокзал, сондай-ақ мемлекеттік органдардың ғимараттарында, балкондар мен жертөлелерде, қонақ үйлерде) шылым шегуге тыйым салуды ұсынды.

Кәсіпкерлер бұған қарсы пікір білдіріп жатыр. Олардың ойынша, бұқара халық көп жиналатын қоғамдық жердерде шылым шегуге арналған дұрыс жабдықталған орындар болуы керек. Жаппай тыйым салғанның керісінше әсер болуы мүмкін дейді олар. Қазір кодекс жобасы әлі талқыланып жатыр.

Қытай халық республикасының төрағасы – ашық қоғамның ең басты қарсыласы

Америкалық миллиардер Джордж Соростың пікірі осындай. Қытай – әлемдегі ең бай, күшті және технологиялық тұрғыдан озық ел. Мұның барлығы Қытай төрағасын ашық қоғамның қарсыласы ететінін айтады.

«Си Цзиньпин басқаратын Қытай билігі адамдардың бет-бейнесіне дейін танитын технология енгізіп, азаматтарды аңдудың алдыңғы қатарлы жүйесін жасады. Бұл технологиялар авторитарлық режимнің күшін арттыра түседі. Америка Қытайға назар аударып, ZTE және Huawei компанияларымен күресті күшейту керек. Себебі олар әлем елдеріне қауіп тудыруы мүмкін», – дейді миллиардер.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Baq.kz: Алдағы үш күнде аяз күшейеді. 26-28 қаңтарда республиканың басым аймағында түнде 30…38 градусқа дейін аяз күтіледі, ал күндіз 18…27, кей жерлерде 30 градус аяздан жоғары болмайды, бұл климаттық нормадан төмен. Ал, Орталық Азия арқылы циклон жылжитын болады. Қазақстанның солтүстік жартысында суық және күшті антициклон және Орталық Азиядағы жылы циклон республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығысының тау асуларында жаяу бұрқасын мен шығыс желінің күшеюіне себеп болады.

Inform.kz: Мектеп дәретханасында құрдастарын соққыға жыққан оқушылар сотталуы мүмкін. Оқиға осыдан бір жыл бұрын, 2018 жылдың 10 қаңтарында Қызылорда қаласында болған. Сол кезде зардап шеккен оқушының ата-анасынан полицияға шағым түспеген. ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры А.Садубаевтың айтуынша, бұған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабының 2 бөлігінде қарастырылған қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бұл бап 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды немесе дәл осы мерзімге бас бостандығын шектеуді көздейді.

Дереккөз: https://informburo.kz