Еліміздегі бірнеше облыстардың мектептерінде сабақ болмайды

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 08:05 214

Еліміздегі бірнеше облыстардың мектептерінде сабақ болмайды

АСТАНА. ҚазАқпарат — Қатты аязға байланысты бірқатар өңірде және Астанада 25 желтоқсан күні мектептерде сабақ болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайдағы мектептерде сабақ болмайтыны туралы ақпаратты қалалық білім басқармасы таратты, деп хабарлайды alau.kz. Ауа температурасы -28 градус, солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 4-5 м/с. Қостанай қаласының бірінші ауысымдағы 0-9 сыныптарына сабақ болмайды.

Павлодарда 1-ауысымда оқитын 1-9 сыныптарға сабақ болмайды. Температурасы минус 34 градусқа дейін төмендеді, деп хабарлайды қалалық білім басқармасы.

Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, ШҚО білім басқармасы Семейде, Риддерде және облыстың 3 ауданында сабақ болмайтыны туралы хабар таратқан.

Семей қаласында минус 30 градусқа дейін аяз болады, 1-ауысымда оқитын 1-11 сыныптары және колледждердің 1-2 курстары оқымайды. Риддерде ауа температурасы минус 28 градусқа төмендейді, 1-ауысымдағы 1-9 сыныптарға сабақ болмайды. Зырян ауданында минус 28 градусқа дейін аяз болады, 1-ауысымда оқитын 1-4 сыныптарға сабақ болмайды. Шемонаиха ауданында -32 градусқа дейін аяз болады, 1-ауысымдағы 1-9 сыныптарға сабақ болмайды. Аягөз ауданында минус 29 градусқа дейін аяз болады, 1-ауысымда оқитын 1-11 сыныптардық оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері оқымайды. Жарма ауданында минус 28 градусқа дейін аяз болады, 1-ауысымдағы 1-9 сыныптарға сабақ болмайды.

25-26 желтоқсан күндері Ақмола облысында ауа температурасы минус 32-37 градусқа дейін төмендеп, кей жерлерде 40 градустық аяз болады. 25 желтоқсан күні 0-11 сыныптарға сабақ болмайды, деп хабарлайды Көкшетау қаласының білім басқармасы Фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында минус 35 градус аяз болғандықтан бүгін 0-11 сынып оқушыларына сабақ болмайды.  

Қарағандыда бірінші ауысымдағы 1-ден 9 сынып аралығында сабақ болмайды. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, таңертең қалада температура  -28… -30 градус болған, желдің жылдамдығы секундына 6-7 метр.
 
Бұған дейін 25 желтоқсанда күннің күрт суытуына байланысты Астана мектептерінің бірінші және екінші ауысымындағы 0-11 (12) сынып оқушыларына және колледждердің 1-2 курс студенттері үшін сабақ болмайтыны хабарланған болатын.

Автор: Жанара Мұхамедиярова

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz