Елімізде жынысын ауыстырғысы келетіндер көбейіп барады

0

Дәрігерлер де соңғы 3 жылда жынысын ауыстыруға ниет білдіретіндердің көбейгенін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды kznews.kz сайты zakon.kz порталына сілтеме жасап.

Астана телеарнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, отандық андролог дәрігер соңғы 2-3 жылда жынысын ауыстыруға қызығатындар көбейгенін мойындайды. Арнайы мамандарға кеңес сұрап келетіндер артыпты. Маманның айтуынша, егер ер балада эстероген гормоны көбейсе, олар гендерлік өзгеріске ұшырайды. Ал мұны дәрігер емдеуге болады дейді. Ол үшін жетіліп келе жатқан жеткіншектің қылығына ата-ана зер салып отыруға кеңес береді.

«Көбінесе телефон арқылы, бірақ өздерінің ауыстырғысы келіп жүргендерін айтып жатыр. Көбінесе уатсапқа жазады. Қандай да бір өзгерістер болса, тезірек тексерткен дұрыс», —  деді дәрігер-андролог Ернұр Исабекұлы.

Психологтардың пайымынша, ер азаматтардың бұл жолға түсуіне әйелдердің өзіне тым сенімділігі себеп. Бұған сарапшылар да қосылады. Олардың саралауынша, отбасында анасы баласының көзінше әкесін жоғары бағалап, құрмет көрсеткені абзал. Сонда ғана ер бала әкеге еліктейді. Оған қоса, әйелдердің үйдегі және тыстағы бар жауапкершілікті өзіне алуы да бала тәрбиесі үшін өте үлкен қателік дейді.

«Қыз келіншектеріміз өз-өзіне тым сенімді. Үйде ер адам рөлі төмендеп қалды. Көбінесе қыздардың қателігі. Солай балалар зардап шегіп отыр. Өйткені әкенің рөлін азайтып тастадық. Тағы бір себеп, танымалдыққа тез жету. Әлеуметтік желіде ашық жарияланып жатқан қызтекелерді көріп, осылай танымал болсам деген теріс ойлар да қалыптасатын көрінеді», — деді психолог Жаңагүл Тұрманова.

Мамандардың қай-қайсысы болса да, мұндай жағдайлар ең алдымен отбасында қалыптасады деген ой түйді. Сондықтан бала тәрбиесі ата-ана тарапынан үнемі қадағалауда болуы тиіс.