Елімізде Жетімдер үйі болмауы керек – Назарбаев
Фото: Бауыржан Жуасбаев
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елордада кеше басталған VІІІ Азаматтық форум бүгін жалғасын тапты. «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» тақырыбы арқау болған бүгінгі жиынға Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып отыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде Жетімдер үйі болмауы керектігін айтты.
«Бүгінгі басқосуда нақты-нақты ұсыныстар айтылып жатыр. Бұл көтерілген проблемалардың бәрін мұқият сараптап, Үкіметпен, Парламентпен, Үкіметтік емес қоғамның жұмыскерлерімен бірге тиісті бағдарлама қабылдау қажет. Бұл жерде барлығы қаражатқа байланысты, барлығы ақша керек дейді. Ол дұрыс әрине. Бірақ, барлығы бұнымен шешпейді», — деді Назарбаев.
Елбасы форумда сөз сөйлеген BI Group Директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рақымбаевты атап өтті. Президент BI Group жасап жатқан жұмыстарын өркендету керектігін айтты.
Бүгінгі жиында Айдын Рақымбаев елімізде Аналар үйлері ашылып, осы арқылы жетімдер азайып келе жатқанын айтқан болатын. Жалпы, жетімдер мәселесін көтерген еді.
«Қазір көптеген бизнесмендер қайырымдылықпен айналысады. Аналар үйі, жетімдер мені өте қатты алаңдатады. Мен Қазақстанда Жетімдер үйлері болмау керек деп есептеймін. Ал оларды қалай болдырмау керектігін, қандай жолмен жүру қажеттігін ол (Айдын Рақымбаев-авт.) көрсетіп отыр. Біздің балаларымыз мұхиттың ар жағындағы танымайтын үйге барып, ертең бөтен болып кетеді. Өскенде бәрібір елін, жерін сағынады. Бірақ, олар бөтен адам болып келеді, бұл белгілі ғой. Қолымыз оған тиген жоқ, қаражатымыз болған жоқ, мемлекет қиын-қыстау заманда жүргенде бұл мәселені біз жіберіп алдық. Бірақ, өзіміздің мұсылман дінінде де, қазақта да «жетімге қолыңды созсаң, жұмаққа барасың» деген сөз бар ғой. Өзінің екі-үш баласы бар адам тағы бір баланы Балалар үйінен алатын болса, тек қана жақсылыққа ие болады деп санаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ