Елімізде қос азаматтығы бар 15 мыңнан астам адам анықталды
Қазақстанда қос азаматтығы бар 15 мыңнан астам адам анықталды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” заңының жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.
Биыл екі азаматтық алған 15260 адамды анықтадық. Оның 555-ін жауапқа тарттық. 102 адамды елден шығардық, қалғаны айыппұл төлеп, елден шығып кетті. Сондықтан алдағы уақытта екі азаматтық болмасын деп арнайы келісім жасап жатырмыз, – деді министр депутаттардың сауалына орай.
Қалмұханбет Қасымов заң жобасына орай Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қонға қатысты ахуал жөнінде айтты.
2018 жылдың 11 айында бізге Тәжікстанның 492 мың азаматы келді. Оның 56 мыңы ғана тіркелген. Өйткені олар бес күннен кейін тіркелуі тиіс. Қалғандары қызмет бабымен, жеке шаруаларымен келген. Туристер саны – 10 мың адам, – деді ол.
Министрдің айтуынша, елімізге келген тәжік азаматтарының қылмыс жасағаны да тіркелген.
Осы жылы олар 59 қылмыс, былтыр 48 қылмыс жасаған. Бұл жалпы қылмыс санының 0,02%-ына тең. Негізінен бұл қылмыстар – базарлардағы ұсақ-түйек ұрлық. Бұл мәселені ескеріп, шаралар қабылдаймыз. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тәжіктердің 90%-ы 5 күннің ішінде тіркеліп үлгермеген. Ендігі уақытта біз 30 күн бермекпіз, – деді министр.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. Айта кетейік, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім 2018 жылдың наурызында Астанада жасалған болатын. Ал осы жылдың шілде айында Тәжікстан Парламенті бұл заң жобасын ратификациялады. Келісімді ратификациялау екі елдің көші-қон, азаматтардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастығының тиімділігін арттырады.
Дереккөз: Baribar.kz